Шерзат Болат ісі бойынша сотқа куә ретінде шақырылған патрульдік полиция қызметкері оқиға туралы айтты
Жарияланған күні:

Бүгін Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысына куәгер Жәнібек Әмірақын шақырылды. Талғар аудандық полиция басқармасында рота патрульдік полиция қызметін атқаратын ол сол түні жедел кезекшінің нұсқауымен оқиға орнына барған. Полиция қызметкері сотталушылардың бірі Әскентай Дарханмен бір мектепте, бір сыныпта оқыған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекеттік айыптаушы куәгерден қазанның 3-інен 4-іне қараған түні "Қамажай" дүкеніне қалай келгенін, оқиға туралы кім хабарлағанын және оның уақытын сұрады.
"Сағат 00:42 шамасында жедел кезекшінің нұсқауы бойынша Талғар қаласы Менделеев көшесіне төбелес болып жатыр деп хабарлама түсті. Сол жерге 7-8 минут аралығында кешікпей бардым. Барған уақытта бір топ адам жүрді. Жолдың ортасынан Ravon автокөлігін көрдім. Әрі қарай түсіп, Руставели көшесіне солға қарай бұрылыс бар, сол бұрылыста бір топ адаммен сөйлестім, мән-жайды, не болып жатқанын білдім. Басында жердегі қанды көрдім. Одан кейін адамдар бір бала пышақталған деп айтты. Баланы әкесі ауруханаға алып кетті деді. Одан кейін бір Golf 3 және қаралау түсте Mercedes автокөлігі болды деп айтты. Осы туралы кезекші бөлімге хабарласып, бәрін баяндап бердім", - деді куәгер.
Прокурорлар дүкеннің алдынан қаннан басқа сынған, шашылған зат байқаған-байқамағанын сұрады.
"Жоқ, ештеңе көрмедім", - деп жауап берді куәгер.
Кейін мемлекеттік айыптаушы оқиға орнында болғанс Golf және Mercedes автокөліктерін қалай тапқанын сұрап білді.
"Одан кейін жедел тергеу тобы келді, олар сол жақта жиналған адамдардан сұрастырды. Одан кейін жедел кезекшінің нұсқауымен аралауға шықтық. Рысқұлов ауылын қарап жүрген кезде қара Golf автокөлігін көрдік. Барған кезде көлікте ешкім болмады, қайтадан 102-ге хабарласып, автокөлікті тапқанымызды айттық. Сол кезде бір жігітті байқадық. Оны әріптесіміз екеуміз ұстадық. Сұрап едік, "Иә Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатысым бар" деді. Ол Әскентай Дархан болып шықты. Екінші экипаж шақырдық. Олар оны Талғар аудандық полиция басқармасына жеткізіп салды", - деді куәгер.
"Әскентай сіздің сыныптасыңыз болса, келген сәтте бірден таныдыңыз ба?",- деп сұрады прокурор куәгерден.
"Бірден танымадым, өйткені көзі ісіп кеткен. Және қараңғы болды. Тау жақта жарықшам жоқ", - деп жауап берді Жәнібек Әмірақын.
Одан бөлек одан алкогольдің иісі сезілгенін айтты.
Мемлекеттік айыптаушылар полиция қызметкерінен бейнежетон туралы да сұрады. Куәгердің айтуынша, сол кезде полиция басқармасының ғимаратында жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына байланысты аппараттың барлығы шығарылып тастаған, сол үшін бейнежетоны істемеген.
Әрі қарай автокөлікті облыстық тергеу басқармасынан келгендер тексеріп, эвакуатормен алып кеткен.
Сондай-ақ куәгер Әмірақын "Қамажай" дүкенінің алдында жарақат алған жас баланы көргенін, оған жедел жәрдем көмек көрсетіп жатқандықтан тілдесу мүмкін болмағанын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240343-sherzat-bolat-isi-boiynsha-sotqa-kua-retinde-shaqyrylgan-patruldik-politsiia-qyzmetkeri-oqiga-turaly-aitty/