Зектілері

"Әскери шеру 9 мамырға ауыстырылады": қорғаныс министрлігі өкілдері желіде жалған ақпарат тарағанын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Әскери шеру
Отан қорғаушы күніне арналған әскери парад. Астана/2014 жылғы 7 мамыр. Фото: aqorda.kz

Әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде Жеңіс күніне арналған шеру 7 мамырдан 9 мамырға ауыстырылады деген видео тарады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа түсінік беріп, оның жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stopfake.

Порталдың мәліметінше, алаяқтар бейнероликте Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың видеосын пайдаланған. Бірақ ол жалған дауыспен дыбысталған.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген.

"Соңғы кезде қорғаныс министрінің атына және қорғаныс ведомствосының баспасөз хатшысына қатысты ақпараттық шабуылдар мен жалған хабарламалардың таралуы жиілеп кетті. Осындай жағдайдың бірі әскери парадтың 7 мамырдан 9 мамырға ауысқаны жайлы қауесетке байланысты болып отыр. Хабарлама жасанды интеллект технологиясымен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың жалған бейнесін пайдалану арқылы жасалған.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Мемлекеттің 2025 жылғы күн тәртібіндегі басты оқиғалардың бірі – әскери парад 7 мамырда бекітілген жоспарға сәйкес "Қазақ елі" монументінің жанындағы алаңда өтеді.

Ел азаматтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін арандатушылыққа ермей, тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға шақырамыз", - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240733-askeri-sheru-9-mamyrga-auystyrylady-qorganys-ministrligi-okilderi-zhelide-zhalgan-aqparat-taraganyn-malimdedi/