Зектілері

"Төлемнің көлемі едәуір жоғары болуға тиіс": депутат ажырасатындарға жарна төлеу тәртібін енгізуді ұсынды

Жарияланған күні:

неке жүзігін шешіп жатқан адам
Неке жүзігі. Иллюстрациялық фото: Karl Tapales/Getty Images

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров елдегі ажырасу көрсеткішіне алаңдаушылық білдіріп, үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Оның сыртында бейресми ойраны шыққан отбасылар қаншама?! Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек жалғыз басты отбасы кебін киіп отыр", - дейді Ардақ Назаров.

Депутаттың айтуынша, ажырасудың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында бүгінде түрлі тәжірибелер мен тиімді үлгілер жеткілікті.

"Осыған орай, Олжас Абайұлы, сіз басқарып отырған үкіметке төмендегі бірқатар нақты ұсынысымды ұсынамын:

  • Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптының біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын.
  • Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптының ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасының сақталып қалуына мүмкіндік туар еді.
  • Үшіншіден, жас отбасыларды қолдауға бағытталған "Жас отбасы" ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет. Бағдарлама аясында некеге енді отырған жастарға алғашқы жылдары тұрғын үй алу, балалы болу, тұңғыштарын балабақшаға тегін орналастыру және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша кешенді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ипотекалық жеңілдіктер, тұңғыш баланың дүниеге келуіне байланысты арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ салықтық демалыс сияқты жеңілдіктер көзделуі қажет. Бұл шаралар жас отбасылардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ажырасу қаупін азайтуға септігін тигізеді.
  • Төртіншіден, үйлену тойларын өткізу кезінде несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу. Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктік несиелер алу жағдайлары жиі кездесуде. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты, үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын.

Бұл бастамаға қоғам қайраткерлерін, дін өкілдерін, отандық медиа мен блогерлерді тарта отырып, "Қарапайым той – берекелі отбасы" ұранымен ұлттық деңгейдегі үндеу жариялау тиімді болар еді", - дейді мәжіліс депутаты Ардақ Назаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240874-tolemning-kolemi-edauir-zhogary-boluy-tiis-deputat-azhyrastyndarga-bazh-nemese-zharna-toleu-tartibin-engizudi-usyndy/