Шерзат Болат ісі бойынша сот: TikTok желісінде тараған видеоға қатысты тексеру жүріп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында кәмелетке толмаған куәгерді біреу видеоға түсіріп, оны TikTok желісінде жариялағаны туралы мәселе көтерілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгін сот отырысының басында айыпталушының туыстары бұған дейін тыйым салғанына қарамастан алдыңғы сот отырысында іс бойынша 16 жастағы куәгерден жауап алу кезінде оны әлдекім видеоға түсіріп, желіге салғанын айтты.
Сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың әкесі мен Шыңғыс Белғожаевтың анасы видеоны қорғаушылардың бірінің мобилографы түсіріп, TikTok желісіне жариялады деп мәлімдеді. Айтуынша, ол куәгер Светлана Қалтаеваның (Шерзат Болат қайтыс болған түні Kaspi шотынан аударым жасалынған әйел) немересін видеоға түсіріп алған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев бұған қатысты жауап берді.
"Ол менің мобилографым. Қазіргі айтып тұрғаны негізсіз. Себебі, біздің парақшамызды қауіпсіздік қызметкерлері тексеріп отыр. Біздің тарапымыздан шыққан жоқ ол видео", - деді адвокат.
Заңгер Мейірман Шекеевтің мобилографы сот процесін басынан бастап түсіріп жүргенін және соттың барлық тыйымын білетінін айтты.
"Мен Шекеев Мейірман Қалмаханұлының мобилографы және көмекшісімін. Мен осы іс бойынша бірінші сот отырысынан бері қатысып келемін, және сіздің ескертулеріңіздің бәрін білемін. Айыпталып жатқан кісілердің түрін түсіруге болмайтынын да білемін, өткендегі 16 жастағы баланы түсіруге болмайтынын да білемін. Мен түсірген жоқпын. Бұл балаларды түсіруге Мейірман Қалмаханұлы қарсы болды. Өз телефонымды толыққанды бере аламын, тексеріп шықсын. Құрметті сот, әлеуметтік желіде тараған видео қолмен түсірілген емес, ол штативте тұрып тұнық бір жерде түсірілген, егер ол телефонмен түсірілсе 16:9 деген кадрмен шығатын еді. Керісінше, ол видео YouTube форматында шықты, құрметті сот", - деді мобилограф.
Сот төрағасы Ержан Жанұзақов бұл бойынша сот тексеру жүргізіп жатқанын мәлім етті.
"Тексеру нәтижесі сіздерге қосымша хабарланады. Бірақ қазір мен тағы ескертемін, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының YouTube-арнасында тікелей эфир жүріп жатқандықтан, қалған БАҚ өкілдерінен тікелей эфир жүргізбеуді сұраймын, тыйым салынады. Сонымен қатар айтылғандай, сотталушыларды түсіруге тыйым салынады", - деді сот төрағасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2242044-sherzat-bolat-isi-boiynsha-sot-tiktok-zhelisinde-taragan-videoga-qatysty-tekseru-zhurip-zhatyr/