Шерзат Болат ісі: сотта "Қамажай" дүкенінен сыра алған сотталушы жауап берді
Жарияланған күні:

Бүгін, 6 мамырда сот сотталушылардан жауап алуды бастады. Бірінші болып дүкенге сыра алу үшін кірген Дархан Әскентай жауап беріп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сотталушы Дархан Әскентай қорғаушысының сұрағына жауап беру барысында сотқа дейінгі берген жауабымен толықтай келіспейтінін айтты.
"Толықтай келіспеймін, сол күні қамалған балалардың барлығына, яғни, жетеуімізге қысым келтірілді. Мен өзім жарақат алғаннан кейін дұрыс жауап бере алмадым. Ойымызды жинақтай алмағаннан кейін мен сол күнгі сұрақтарға дұрыс жауап бермеген едім. Бүгін болған оқиғаны және нақты не болғанын, өзім істеген іс-әрекетімді айтуға шешім қабылдадым, сот мырза", - деді сотталушы Дархан Әскентай.
Айтуынша, жауап алынған бірінші күні қорғаушысы болмады.
"Өйткені сол күні кешке дейін бізді телефонға түсірді, кабинеттен кабинетке тасыды. Әрқалай жағдайлармен ұрып-соғып, балағат сөздер айтқаннан кейін, кешке қарай болған жерге апаратын кезде ғана бізді далаға шығарды, сол кезде адвокатымды көрдім", - деп жауап берді сотталушы.
Кейін ол Шерзат Болат өлтірілген күні қандай оқиға болғаны туралы баяндады.
"Мен сол күні сағат 23:00 шамасында досымның көлігінен жолда түсіп қалып, "Қамажай" дүкеніне сыра алу мақсатымен кірдім. Сыраны кассаға қойып, Қаржаубаймен сол кезде таныстым. Үш бөтелке сыра алдым. Сыра 1300 теңгедей шықты. Мен ағаға (Қаржаубай - ред. ескертпесі) "барлығы 1500 теңге болсын деп, тағы темекі алдым, сізге 1000 теңгесін Kaspi-мен аударым жасаймын, қалған 500 теңгені қолма-қол беремін дедім.
Kaspi-мен 1000 теңгесін төледім, және қолма-қол 1000 теңге бердім Қаржаубайға, ол маған қолма-қол 500 теңге берді.
Сол күні сағат кешкі 5-6 шамасында Олжасқа хабарласып, айтып қойғанмын, "Олжас, маған ақша керек болып жатса, маған ақша аударасың, өйткені менің Kaspi есепшотым жоқ, ақшамды сол Олжас деген досыма аударып қойған болатынмын. Сол күні Олжас "Мен ұйықтап қалуым мүмкін, балдызыма ақша салып қойдым, содан аласың" деді. Кейін Бекнұр деген баланы "Телефоным өшейін деп тұр, мен саған нөмір жіберем, соған ақша салып жіберші деп өтіндім.
Дүкеннен сырамды алып шығып бара жатқан кезде маған біреу қоңырау шалды, телефонды алып үлгермедім. Телефоным өшіп қалды және дүкеннен алыстап кетпегенмін. Содан кейін қайтып келіп, Қаржаубайдан өтініп, телефонымды 5-10 минут қуаттап беріңізші дедім. Ол кісі "жарайды" деп, телефонымды қуаттағышқа қойып берді.
Телефонды беріп, кейін сыртқа шығып, сырамды ішейін деп тұрғанмын.
Сол сәтте, 2-3 минут уақыт өтпей жатып, "телефоның шырылдап жатыр" деген соң, дыбысын естіп, дүкенге кіріп бара жатқанда Қаржаубай телефонымды берді Шерзатқа, Шерзат маған берді.
Мен сыртта болғанда Бекнұр деген бала маған хабарласты. "Аға, мен ақшаңызды салып жібергенмін, ертең таңертең Олжас екеуіміз келеміз, дайын болыңыз деді. Азық-түлік алуымыз керек болатын. Мен "жарайды деп, өшіріп жаттым телефонды. Қарасам, тағы хабарламалар келіпті, соны ашып телефонды шұқылап тұрғанымда Шерзат келді.
"Сен менің әкеме бірдеңе дедің бе, не дегің келіп тұр?", - деп ол маған ашуланды.
Мен түсінбей қалдым. "Жүр, әкеңнен сұрайық", - дедім.
Мен байқап та, қашып та үлгерген жоқпын, алды да оң көзімнен ұрып жіберді. Сосын мен екі-үш мәрте шегініп кеттім де, бетімді ұстап тұрып қалдым.
Сол сәтте Қаржаубай шықты да, қайта ішке кіріп, маған қолыма су құйып, бетіңді жу деді. Бетімді жуып жатқан кезде Қаржаубай Шерзатқа "Не үшін ұрдың" деп айқайлады, солай екеуара сөйлесіп тұрды.
Мен телефонды түсіріп алдым ба деп сол жерге бара жатқанмын, қарасам, телефон қалтамда екен.
Сатып алған екі бөтелке сырамды алдым да, 100 метрдей жерде жүріп бара жатқанмын. Сол кезде көзім алайып, жағдайым нашарлағаннан кейін досым Нұрбол Тоқтаубаев машинамен жүрген соң, досыма хабарластым. "Алып кете аласың ба, Менделеев көшесіндегі 24 сағат істейтін дүкеннің қасында мені біреулер ұрып кетті" деп өтіндім.
Ол қазір келіп алып кетем деп өтінішімді қабылдады", - деді Әскентай.
Сондай-ақ Дархан Әскентай жәбірленуші тараптан медициналық көмек көрсету, қандай да бір көмек беру ұсынылды ма деген қорғаушының сұрағына жауап берді.
"Ол мақсатта ақшаңды берем, ұрма-соқпа, ешкімді шақырма деген әңгіме екеуіміздің арамызда болған жоқ. Бір жағынан досыма хабарластым, досым келді, келгеннен бастап "аға, аға" дегеннен басқа ештеңе деген жоқ, "Мен алып кетуге келдім" деді Нұрбол.
Ақша туралы бұл жерде әңгіме болған жоқ. Ақша туралы әңгіме болса, екі-үш рет 500 теңге төлеген жоқ, 1500 теңге төлеген жоқ деп, Нұрболға да маған да айтпаушы еді.
Сол күні ақшамды төлемесем, мен қайтып айналып бармаушы едім ғой, ол жерге, Нұрболға да айттым. Мен ақшасын төлегем, чегін де көрсеткем", - деді Дархан Әскентай.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2242455-sherzat-polat-isi-sotta-qamazhai-dukeninen-syra-algan-sottalushy-zhauap-berdi/