Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад қалай өтті (фото, видео)
Жарияланған күні:

Астанада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парад өтті. Әскери парадты Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әскери парад Астанадағы Тәуелсіздік алаңында, "Қазақ елі" монументінің жанында болды.

Салтанатты шараға Қазақстан Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты.

Парадқа Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан аса әскери қызметкер қатысты. Сондай-ақ арнайы 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ әкелінген.

Алғаш рет механикаландырылған колонналардың сапын "Бук", "Тор" зенитті-ракета кешендері, "Барыс", "Алан", "Айбар", "Таймас", "Террекс" дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер толықтырды.
Сонымен қатар отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары шығаруды жоспарлап отырған ұрыс машиналары, роботтандырылған қайық және ұшқышсыз басқарылатын ұшу қондырғылары таныстырылды.
Әуе кеңістігінен А-400 әскери-көлік ұшағы, L-410 жолаушылар ұшағы және Би-300 патруль ұшағы ұшып өтті.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, күш құрылымдарының ардагерлері мен әскери қызметшілері салтанатты шараның басты көрермені ретінде шақырылды.

Мерекелік іс-шара күшейтілген қауіпсіздік және бақылау шараларымен өтті.
Әскери парад
- республикалық телеарналардан;
- еліміздің барлық қалаларында LED-экрандардан;
- Қорғаныс министрлігінің ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2242722-zhengisting-80-zhyldygyna-arnalgan-askeri-parad-bastaldy-onlain-transliatsiia/