Түркістан облысында ауыл баласы ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинады (фото)
Опубликовано:

Түркістан облысында ауыл мектебінің оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинады. Бұл – ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Түркістан облысының білім басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, ҰБТ-дан 140 балл алған Әбілхан Жәнібек Асқарұлы – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі.
Жәнібек 1 сыныптан бастап осы мектеп-гимназияда білім алып келеді. Ол ҰБТ-да бейіндік пән ретінде информатиканы таңдаған.
"Көпбалалы отбасыдан шыққан Жәнібек – ізденімпаз оқушы. Жәнібектің жетістігі – табандылық пен жүйелі дайындықтың нәтижесі.
Оның табандылығы, жауапкершілігі, уақытты тиімді пайдалануы мен өзіне деген сенімі – өзге оқушыларға үлгі. Білім жолындағы жеңісің құтты болсын, биік белестерден көріне бер!" - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 16 мамырда елімізде негізі ҰБТ басталды. Тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2246739-turkistan-oblysynda-auyl-balasy-ubt-dan-eng-zhogary-140-ball-zhinady/