Құлсарыдағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы қалай: денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді
Опубликовано:

Бүгін Құлсарыдағы жанармай бекетінде болған жарылыстан 14 адам зардап шеккені белгілі болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы олардың жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ведомствоның Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"2025 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша Құлсарыдағы "Ниет" жанар-жағар май құю бекетіндегі өрттен зардап шеккен 14 адам шұғыл түрде Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың өміріне қауіп жоқ.
Бастапқы медициналық тексеру мен тиісті диагностикадан соң 10 науқас ауруханаға жатқызылды. Төрт адам амбулаториялық бақылауда. Қазіргі жағдайда ауыр реанимациялық науқас жоқ.
Ауруханаға жатқызылған 7 науқастың жағдайы — орташа ауыр, 3 пациенттікі — тұрақты.
Зардап шеккендер тиісті медициналық көмекті толықтай қамтылды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша Жылыой аудандық орталық ауруханасына Атыраудан мамандар мен медицина қызметкерлері қосымша көмекке жіберілді, олардың қатарында күйік орталығының дәрігерлері де бар", - деп мәлім етті Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Айта кетелік, бүгін кешкі уақытта Атырау облысы Құлсары қаласындағы жанармай құю бекетінде жарылыс болып, жақын орналасқан үйлер өртке оранды. ТЖД 14 адамның зардап шеккені және екі адамның көз жұмғаны туралы хабарлады.
Артынша Атырау облыстық әкімдігінің сайтында өңір басшысы Серік Шәпкенов жанар-жағар май құю бекетіндегі өрт пен жарылысқа қатысты жедел штабтың шұғыл отырысын өткізгені жарияланды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2250825-qulsarydagy-zharylystan-zardap-shekkenderding-zhagdaiy-qalai-densaulyq-saqtau-basqarmasy-pikir-bildirdi/