jitsu gif

Конституциясының 30 жылдығына орай Қазақстанда қанша адамға рақымшылық жасалады

ілулі тұрған кісен
Кісен. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Абзал Құспан Конституциясының 30 жылдығына орай елімізде жазасын өтеп жатқан қанша адамға рақымшылық жасалатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Абзал Құспан парламенттің бір топ депутаты мемлекет басшысының биылғы жылғы Ұлттық құрылтайда айтқан бас бостандығынан айырылған жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы ұсынысын басшылыққа ала отырып, Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлегенін атап өтті.

"Бұл қателіктер жасаған, бірақ өкініп, өзінің мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты біздің мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрінісі", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі ҚАЖ-дың 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам отыр, олардың ішінде 33 мыңы сотталған және 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар.

Бұдан бөлек, 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.

Оның мәлімдеуінше, алдын ала есептеулерге сәйкес рақымшылыққа бас бостандығынан айыру орындарында отырған 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам ілінбек.

"ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады", - деді ол.

Депутат бұдан басқа, жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінездеме берілген 1700-ден астам сотталған азаматтар босап шығатынын айтты. Ол өзгеріс заң жобасының 2 және 3-баптарында көзделген.

Сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында отырған 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады, барлық мерзімді қысқарту 11 мың адамды қамтиды.

Сонымен қатар рақымшылыққа әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам ілігеді, олардың 57-сі босатылады және 572 адамның мерзімі қысқартылады.

"Рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге де қатысты, оның ішінде 109-ы босатылады және 724-нің мерзімі қысқартылады", - деді ол.

Депутат Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтынын атап өтті.

"Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды.

Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген.

Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, рақымшылық жасамау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды (Жобаның 5-бабы).

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабының 15-тармағына сәйкес рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайды.

Бұдан бөлек, заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жөніндегі міндеттер жүктеледі", - деп түсіндірді Абзал Құспан.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.