"16 млн қазақстандықтың жеке деректері таралып кетті" деген ақпаратқа қатысты Цифрлық даму министрлігі пікір білдірді
Опубликовано:
Читать на русском
Бұған дейін желіде қазақстандықтардың, атап айтқанда 16 млн 300 мың азаматтың жеке деректері жаппай тарап кеткені туралы ақпарат жарияланды. Цифрлық даму министрлігі бұған қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы желі қолданушыларына Telegram-дағы SecuriXy_kz арнасынан мәлім болды.
"16,3 млн жолдан тұратын қазақстандықтардың жеке деректері бар CSV-файл табылды. Кестеден келесі жолдарды көруге болады: Тегі, Аты, Әкесінің аты, Жынысы, Туған күні, Идентификатор, ЖСН, Ұялы телефон, Жұмыс телефоны, Үй телефоны, Азаматтығы, Ұлты, Мекенжайы, Мекенжайы расталған, Тұру уақытының басталу және аяқталу күні", - делінген хабарламада.
Авторлар "мекенжай" бағанында стоматология, емханалар, Салық комитетінің, жоғары оқу орындарының және басқа да ұйымдардың мекенжайлары жиі кездесетінін жазған.
"Таралған ақпаратта құпия жеке деректер, соның ішінде ЖСН мен байланыс телефондары бар. Ол фишинг, әлеуметтік инженерия, құжаттарды қолдан жасау, телефон алаяқтығы сияқты қауіп төндіреді", - делінген жазбада.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомство желідегі азаматтардың жеке деректерінің таралуы туралы ақпаратты зерттеп жатыр.
Қазіргі уақытта барлық тиісті ведомстволар мен қызметтер жұмылдырылған. Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр, оның ішінде ұсынылған деректердің өзектілігі де назардан тыс қалмайды.
"Айта кетейік, бастапқы талдау деректердің басым бөлігінің ескіргенін көрсетті. Тексеру аяқталмайынша, түпкілікті қорытынды шығару немесе ақпараттың дұрыстығын растау ерте.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдары болған осыған ұқсас жағдайларда, деректердің тарап кетуі жағдайы қызмет көрсету секторы мен микроқаржы ұйымдарының әртүрлі дерекқорларынан алынған ескірген ақпаратқа қатысты болды. Министрлік жағдайды бақылап отыр. Қосымша ақпарат тексеру жұмысы аяқталғаннан кейін жарияланады", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2256186-16-mln-qazaqstandyqtyng-zheke-derekteri-taralyp-ketti-degen-aqparatqa-qatysty-tsifrlyq-damu-ministrligi-zhauap-berdi/