Алматыдағы балалар үйіне қатысты дау: оқиға орнына Президент әкімшілігінен комиссия келді
Опубликовано:
Читать на русском
Бағаншылдағы балалар үйіне қатысты дауға байланысты Алматыға Президент әкімшілігінен комиссия келді, жағдай тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Президент әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматыға "Бағанашыл" балалар үйінің қызметіне қатысты жағдайды жан-жақты және объективті қызметтік тексеру үшін Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінен комиссия келді.
Комиссия мүшелері тәрбиеленушілермен, мекеме басшылығы және ұжымымен, сондай-ақ білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.
Тексеру аясында Президент әкімшілігінің өкілдері балалар үйіндегі тұрмыс және тәрбие жағдайымен танысып, іргелес жатқан инфрақұрылым ғимараттарын аралап көрді. Қазіргі уақытта балалар үйін көшіру туралы шешімге қатысты құжаттарды жинау және талдау жүргізіліп жатыр. Жетім балаларға қатысты заңнамада көзделген барлық әлеуметтік-құқықтық кепілдіктердің сақталуына ерекше назар аударылады.
Тексеру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдықпен жүргізіліп жатыр және қысқа мерзімде аяқталады.
Балаларды көшіруге қатысты дау
Балалар үйінің көшірілетіні биыл наурыз айында белгілі болды. Сол кезде желіде балалардың бейнеүндеуі жарияланды. Олар көшуге қарсы болды.
Облыстық білім басқармасы Алматыдағы ғимараттың апатты жағдайда екенін мәлім етті. Ол 1963 жылы салынған және одан әрі пайдалануға жарамсыз деп танылды.
Шілдеде Алматы облысының әкімдігі бұл шешімнің түпкілікті екенін тағы да растады. Балалар Қонаев қаласында орналасқан жаңа ғимаратқа ауыстырылады.
Еске сала кетейік, күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды Алматыдан Қонаевқа көшіруге тыйым салды. Бұған дейін әлеуметтік желіде көш кезінде түсірілген кадрлар жарияланды. Балалар полиция күшімен көшірілмек болған. Бір қыз есінен танып қалды.
Бұл оқиға бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саинның ашуын келтірді. Ол балалардың келісімінсіз және олардың пікірімен санаспастан көшіру олардың құқықтарын бұзу екенін айтты.
Сондай-ақ Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да жағдайға қатысты пікір білдірді.
Оқиға туралы кейін Оқу-ағарту министрлігі өкілдері де мәлімдеме жасады. Ведомстводағылар жетім балалардың құқығы сақталатынына уәде берді.
Балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіруге қатысты жанжалдан кейін жедел кеңес өтіп, оның барысында қызметтік тексеру жүргізу туралы тапсырма берілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2267652-almatydagy-balalar-uiine-qatysty-dau-oqiga-ornyna-prezident-akimshiliginen-komissiia-keldi/