jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

Ақтөбе облысының ең қарт тұрғыны 110 жасқа толды (фото)

Жәкібай Бисенғалиева
Жәкібай Бисенғалиева. Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бүгін 110 жасқа толған өңір тұрғыны Жәкібай Бисенғалиеваны құттықтап барды, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Жәкібай Бисенғалиева 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген, тыл еңбеккері. Ұзақ жыл қазіргі Хромтау ауданында тұрған.

Өңір басшысы соғыс жылдарынан бастап еңбекке ерте араласып, екі ғасырдан астам уақыттың жүзін көрген қарт ананы мерейлі жасымен құттықтады.

Асхат Шахаров 110 жасқа толған әжейді құттықтауда
Асхат Шахаров 110 жасқа толған әжейді құттықтауда. Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

"Сіздің ғұмыр жолыңыз – бәріміз үшін үлкен өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай тер төгіп, елді дамыту жолында адал еңбегіңізді сіңірдіңіз. Осындай қажырлы еңбегіңіздің арқасында нағыз адал азамат ұғымының жарқын үлгісін көрсете білдіңіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде "Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады" деп атап өткен еді. Сіздің тағдыр жолыңыз осы қағиданың айқын көрінісі. Өмірдің барлық сынағына төтеп беріп, ұрпақ тәрбиелеуде төзім мен табандылық таныттыңыз.

Бүгінде немерелер мен шөберелеріңіздің ортасында қадірлі әже атанып отырғаныңыз мағыналы ғұмырыңыздың жемісі. Ақтөбе облысының жұртшылығы атынан сізге зор денсаулық және бақ-береке тілеймін", - деді Асхат Шахаров.

Әз ана әлі де тың. Әңгімесін асықпай айтып, құттықтап келген баршаға ақ батасын берген.

Асхат Шахаров және 110 жасқа толған әжей
Асхат Шахаров және 110 жасқа толған әжей. Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Жәкібай әжей екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған, ешқандай қиындыққа мойымаған жансебіл ана. Новороссийск ауданы ұжымшарында астық таразылап, тракторшы, кітапханашы және сауыншы болып жұмыс істеген.

Жұбайы Ғабит Бисенғалиев Ұлы Отан соғысынан бірінші топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы дүниеден озған. Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп, өсірген.

Қарт ана қазір бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Ол 3 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған аяулы әже.

Ақтөбе облысының ең қарт тұрғыны 110 жасқа толды (фото)

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.