Қазақстан мектептерінде тағы бір жаңа пән енгізу ұсынылды
Опубликовано:
ІІМ мектептерде Жол қозғалысы ережелері бойынша сабақтарды жеке міндетті пән ретінде енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, Ішкі істер министрлігі балаларға қатысты жол апатының алдын алу үшін құқықтық ағарту, үгіт-насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Жұртшылықтың назарын аудару мақсатында түрлі профилактикалық акциялар, іс-шаралар өткізіледі.
"Сонымен қатар жолда балалардың апатқа ұшырауын, кәмелетке толмағандарды жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларына үйретуге бағытталған пәндерді оқытудың қазақстандық тәжірибесін басқа елдермен салыстырып көрдік. Білім беру процесінде жол ережелерін оқыту курстарын қолдану тәсілдерінің айтарлықтай айырмашылығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бұл Қазақстан Республикасының мектептерінде жол ережелерін оқытуға бөлінген болмашы сағаттардың санына қатысты.
Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламаларында жол ережелері бойынша сабақтарды жеке міндетті пән ретінде енгізуді ұсынады. Өйткені оның артында балалардың өмірі тұр", - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін еліміздің бас прокуроры Берік Асылов жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу үшін мектептерде жаңа пән енгізуді ұсынған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2279622-qazaqstan-mektepterinde-tagy-bir-zhanga-pan-engizu-usynyldy/