Тұңғыш АЭС-ке қазақстандықтар қандай атау беруді ұсынып жатыр: Сәтқалиев жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәжіліс кулуарында тұңғыш атом электр станциясына атау қоюға қатысты байқау туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналистер агенттік төрағасынан әдеттен тыс ұсыныстар бар-жоғын сұрады.
"Негізі бүгінге дейін 20 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Отандастарымыздың бұл байқауға қатысуға деген қызығушылығы жоғары.
Біз алдын ала талдау жасап көрдік. Жиі кездесетін ұсыныстардың негізінен үш блогы бар. Біріншісі – географиялық анықтама: "Балқаш", "Іле" немесе "Үлкен", "Мойынқұм", "Мойынқұм атом электр станциясы" деген сияқты атаулар.
Қазақстандықтар ұсынған екінші ұсыныс тобы – станцияға Қазақстанның елеулі, тарихи тұлғалары, саясат және ғылым қайраткерлерінің бірінің есімін беру", - дейді ол.
Оның айтуынша, станцияға академик Шөкин, Батуров, Абай, Қаныш Сәтбаев есімдерін беру туралы ұсыныстар бар.
"Бұлар да қарастырылып жатыр. Ал қазақстандықтар ұсынған үшінші ірі блок станцияның техникалық, инженерлік, энергетикалық саласына қатысты. Яғни, "Жарық", "Қуат", "Бейбіт", "Атом", "Энергия", "Энерго" сияқты негізгі сөздерден тұратын түрлі атау.
Қазір біз әрі қарай талдап жатырмыз — осы бойынша көптеген сарапшыдан тұратын комиссия жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында этнографтар, тарихшылар, уран саласының өкілдері, блогерлер, пікір көшбасшылары бар. Яғни, біз бұл мәселені қазақстандықтардың барлық ұсынысын, толық ақпаратты жинағаннан кейін талқылаймыз", - деді Сәтқалиев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2292441-tunggysh-aes-ke-qazaqstandyqtar-qandai-atau-berudi-usynyp-zhatyr-satqaliev-zhauap-berdi/