Мектеп асханаларында фастфуд пен тәтті сусын сатқан кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылады
Жарияланған күні:
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде мектеп асханаларында фастфуд пен тәтті сусын сатқан кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылатыны белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов мектеп асханаларында фастфуд пен тәтті сусындарды сатқаны үшін қандай айыппұл көзделгенін айтты.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы – "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнаманы бұзу". Санкциялар субъект түріне қарай әртүрлі: егер жеке тұлға болса – 30 АЕК, шағын және орта бизнес үшін – 230 АЕК, ірі бизнес үшін – 1600 АЕК айыппұл салынады. Егер шағым түссе, тиісті тексеру жүргізіледі. Бұзушылық анықталған жағдайда міндетті түрде әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылады және шешім шығарылады", - деді ол.
Комитеттің тағам, білім беру және тәрбиелеу нысандарын бақылау басқармасының басшысы Гүлшара Қожатова пицца, тоқаш, өзге де фастуд тағамдары зиянды өнімдерге жататынын айтты.
"Бұл жаңа норма емес, ол бұрыннан қолданыстағы санитарлық ережелерге енгізілген. Егер соған қарамастан, сатылып жатса, ол әр кәсіпкердің жауапкершілігі", - деді Қожатова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2293501-mektep-ashanalarynda-fastfud-pen-tatti-susyn-satqan-kasipkerlerge-qandai-zhaza-qoldanylady/