Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс: марқұмның жақындары сот үкімімен келіспей отыр
Опубликовано:
Талдықорғанда күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың ісі бойынша күдікті 14 жылға сотталып, қара жамылған отбасыға 20 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда Айзаттың жақындары жаза тым жеңіл деп отыр. Сондықтан апелляциялық шағым түсірмек. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Әйелін асқан қатігездікпен өлтірген Айбар Жанболаттың кінәсі сотта толық дәлелденді. Прокурор сотталушының қылмысты жасаған кезде мас күйде болғанын алға тартып, 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда судья оған 14 жыл жаза кесті. Жәбірленуші тарап талап еткен 100 миллион теңге моральдық шығын да бес есе азайтылды.
"Айбар Қайратұлы Жанболат ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзуls жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баптың негізінде 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтеу белгіленсін", - дейді судья Әділет Бақытов.
Қайғыдан қан жұтқан Айзаттың жақындары сот үкімімен келіспейді. Олар, ең болмаса, мемлекеттік айыптаушы сұраған 15 жыл жаза кесілуі керек еді деп отыр. Сондай-ақ 20 миллион теңге өтемақы ештеңенің орнын толтырмайтынын айтады.
"Бүгінгі берген мерзімге байланысты. Сосын моральдық шығынға байланысты. Енді оны адвокаттар шешеді. Сол 15 жылды бергенін қалаймыз. Шындығына келгенде, ол ауруханаға жеткенше өліп қалғанын видеодан өздеріңіз көрген шығарсыздар. Өліп қалғаны енді айдан-анық", - дейді марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова.
Еске салайық, Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында маусым айында 32 жастағы Айзат Жұманова кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның жақындары оның күйеуі тарабынан азаптауға ұшырағанын, кейін ер адам Айзатты аттың еріне байлап, далада сүйреткенін алға тартқан.
Оқиға қоғамда резонанс тудырып, сот процесіне тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров шақырылып, жаңа мәліметтерді жария етті. Бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Болаттың өліміне қатысты резонанс тудырған істер бойынша сотта пікір білдірген танымал маман марқұм Айзат Жұманованың мәйіті қайта қазылып алынғаннан кейін жүргізілген комиссиялық сараптаманың құрамында болған.
Оның айтуынша, сараптама мәйітті қайта қазып алу арқылы жүргізілген. Зерттеу барысында бастапқы тексеруде тіркелген барлық жарақат пен кейін анықталған қосымша зақымдар толықтай қайта қаралған. Сараптама нәтижесі бойынша, денедегі жарақаттардың барлығы тірі кезінде салынғаны белгілі болған.
Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысы Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өтті. Прокурор айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес, орташа қауіпсіздіктегі түзеу колониясында 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал бүгін, 9 қаңтарда Айзат Жұманованың ісі бойынша айыпталушыға сот үкімі жарияланды. Сот марқұм әйелдің күйеуіне 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2329947-aizat-zhumanovanyng-olimine-qatysty-is-marqumnyng-zhaqyndary-sot-ukimimen-kelispei-otyr/