Атырау облысында бүтін бір отбасының жоғалуы: марқұмдардың қызына іздеу жарияланды
Опубликовано:
Атырау облысы полициясы Жангелдин ауылында өз үйінде өлі күйінде табылған ерлі-зайыптының өліміне қатысты іс бойынша әйел адамға іздеу жарияланды. Болжам бойынша, бұл – олардың қызы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Атырау облысындағы Жангелдин ауылының тұрғындарын өлтіру дерегі бойынша күдікті мен олардың 30 жастағы қызына халықаралық іздеу жарияланды.
Қылмыс жасады деген күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сонымен бірге басқа да тұлғалардың оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр", - деп мәлім етті Атырау облысы ПД баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, Атырау облысында 2025 жылдың соңында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасын полиция іздестіріп жатқаны хабарланған еді. Полицияға 2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау қаласының тұрғыны жүгінген. Ол ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткенін айтқан.
6 қаңтарда отбасының екі мүшесі, атап айтқанда ерлі-зайыпты Қарабалин Мақсот пен Өтешқалиева Нәсіп өз үйінде өлі табылған. Аталған оқиғаға қатысты "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін, 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ауыл халқы жер қойнына тапсырды.
Одан бөлек, полиция қызметкерлері желідегі "хакер" атты белгісіз адамның Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалған адамдардың жүрген жерін өз бетінше тапқаны туралы ақпаратын жоққа шығарды. Сондай-ақ аталған тұлғаға қатысты алаяқтық бабымен қозғалған төрт іс бойынша іздеу жарияланғаны хабарланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2330649-atyrau-oblysynda-butin-bir-otbasynyng-zhogaluy-marqumdardyng-qyzyna-izdeu-zhariialandy/