Астанада қару ұстаған ер адам арнайы жасақ қызметкері отырған көлікке оқ атты (видео)
Жарияланған күні:
Астана полиция департаментінің өкілдері бүгін көлікте отырған құқыққорғау қызметкеріне белгісіз ер адам оқ атқанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Instagram желісіндегі EgovPress паблигінде бүгін Астанада полицейге оқ атылғаны туралы ақпарат жарияланды.
"Бүгін Астанада ҚР ІІМ "Сұңқар" АЖБ қызметкері көлік айдап келе жатқан кезде жолға қолында қаруы бар белгісіз ер адам шығып, оған оқ атқан және оны мойны мен жауырынынан жарақаттаған. Сондай-ақ қарудың дүмбісімен ұрған, зардап шеккен азамат қорғанбақ болып, оны көлікпен қаққан. Күдікті ұсталды", - делінген хабарламада.
Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне пікір білдіріп, құқыққорғау органдарының қызметкеріне оқ атылғаны туралы ақпаратты растады.
"Астана қаласының тұрғыны жолда кетіп бара жатқан автокөлік жүргізушісіне аңшы мылтығынан оқ атқан. Артынша ол оқиға орнынан кетіп қалған. Болған оқиға туралы зардап шеккен азамат "102"-ге қоңырау шалып, хабарлаған. Оқиға орнына тез арада полиция қызметкерлері жеткен. Жедел іздестіру шаралары кезінде 21 жастағы күдікті ұсталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қару тәркіленді. Зардап шеккен азамат құқыққорғау органының қызметкері және оқиға болған кезде еңбек демалысында болған", - делінген сауалға берілген жауапта.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2331489-astanada-qaru-ustagan-er-adam-arnaiy-zhasaq-qyzmetkeri-otyrgan-kolikke-oq-atty-video/