Қостанай облысында супермаркеттен кәмпит сатып алған әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қостанай қалалық сотында тұрғынның моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қостанай облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, сотта былтыр қыркүйек айында талапкер қаладағы супермаркеттердің бірінен кәмпит сатып алғаны анықталған. Келесі күні қаптаманы ашқан кезде өнімнің ішінен зиянкес жәндіктер табылған.
Талапкер уәкілетте органға жүгінгеннен кейін кәмпиттер паразиттерден бүлінгені расталған.
Талапкер өзіне келтірілген моральдық азапты (жиіркеніш пен уайым), сондай-ақ сапасыз тауар сатып алғаны үшін балаларының алдында өзін кінәлі сезінгенін көрсетіп, 2 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді сұраған.
Сот отырысында жауапкердің өкілі сапасыз тауардың сатылғанын мойындағанымен, денсаулыққа зиян келтірілгені туралы дәлелдердің жоқтығын көрсетіп, талап қою сомасымен келіспеген. Жауапкер 200 мың теңгені ерікті түрде төлеуге дайын екенін айтқан.
Заңға сәйкес, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделері сатушының (дайындаушының, орындаушының) әрекеттері салдарынан бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасына сәйкес моральдық зиянды өтеу сот тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Моральдық зиянды өтеу тауардағы (жұмыстың, қызметтің) ақауға байланысты келтірілген залалдың өтелуіне қарамастан жүзеге асырылады.
Іс материалдарына сүйене отырып, сот ЖШС-ның сапасыз тауарды сатқандағы кінәсін анықтаған, бұны жауапкер дауламаған.
Денсаулыққа зиян келтірілмегенін, жауапкердің кешірім сұрағанын және талапкердің шығындары ерікті түрде өтелгенін ескере отырып, сот моральдық зиян өтемақысының мөлшерін 2 миллион теңгеден 250 мың теңгеге дейін төмендетуді орынды деп тапқан.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2346502-qostanai-oblysynda-supermarketten-kampit-satyp-algan-aiel-sotqa-zhuginuge-mazhbur-boldy/