Түркістанда студент қыздар жатақхана бөлмелері мен дәретхананы тазалауға мәжбүр болған
Жарияланған күні:
Читать на русском
Желіде "Түркістандағы колледж жатақханасында болған жағдай" делінген видео тарады. Онда студент қыздарды ұлдардың бөлмелерін тазалауға мәжбүрлегені айтылған. Бұл жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Telegram-дағы Halyqstan арнасының хабарлауынша, бейнежазба Түркістандағы индустриалды-техникалық колледждің жатақханасында түсірілген.
"Комиссия келер алдында жатақхана қызметкерлері қыздарды тек ер балалар тұратын бөлмелерді ғана емес, дәретханаларды да тазалауға мәжбүрлеуге тырысты.
Студент қыздар қарсы, бірақ бағынбағандар мен "бүлік" шығарғандар жатақханадан шығарылады деген қауіп бар!
Сонымен қатар жатақхана әкімшілігі тіпті теріс қылық көрсеткен қыздары туралы олардың ата-аналарына шағымданады" , - делінген жазбада.
Білім басқармасындағылар жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Қазіргі уақытта колледжде 1072 студент оқиды, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылдың 23-25 ақпаны аралығында өтетін аймақтық спартакиадаға байланысты қатысушыларды жатақханаға орналастыру қажет болды.
Сондықтан тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге бос бөлмелерді ретке келтіруге көмектесу туралы ауызша ұсыныс жасалды. Ер студенттер уақытша болмағандықтан, студент қыздардардан көмек сұралды.
Салдарынан кей студенттер арасында түсініспеушілік туындады", - деді ведомстводағылар.
Бұған қатысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқықтары жөніндегі комиссиясы өкілдері де пікір білдірді.
"Аталған жағдай бойынша Білім басқармасы арнайы жұмыс комиссиясын құрып, мән-жайды анықтау мақсатында жатақханаға барып тексеру жүргізді.
Заңнамаға сәйкес кәмелетке толмаған білім алушыларды жұмыс жасауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оларға қысым көрсетуге жол берілмейді. Бұл – бала құқықтарын бұзу және балалар еңбегін пайдалануға тыйым салатын талаптарға қайшы әрекет.
Тексеру нәтижесінде жауапты тұлғаларға сөгіс берілді. Студенттер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2346670-turkistanda-student-qyzdar-er-balalardyng-bolmesi-men-darethanany-tazalauga-mazhbur-bolgan/