Министрлік Қазақстанда жүргізуші куәлігін ауыстыруға қатысты маңызды ақпаратты жария етті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда мерзімі өткен жүргізуші куәлігін енді онлайн режимде ауыстыруға болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстандықтар биыл сәуірден бастап жүргізуші куәлігін оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алатын болады. Бұған дейін қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ ол жоғалғанда, ұрланғанда немесе тегін, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді мұндай қызметті құжаттың мерзімі өткен кезде де алуға болады.
Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санатына қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін куәлікті ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет.
Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылардың мәліметтері өтінім беру сәтінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала ауыстырса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі — 60 минут.
eGov.kz порталы арқылы қызметті алу үшін:
- порталға кіріп, "Азаматтарға" - "Көлік және коммуникациялар" - "Автомобиль көлігі" бөліміне өту;
- "Жүргізуші куәлігін алу" қызметін таңдау;
- дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ны көрсету және фотосуретті жүктеу;
- қолтаңба үлгісін жүктеу және байланыс телефонын енгізу;
- мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда "Бұрын төленген" функциясын пайдалануға болады;
- өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.
eGov Mobile қосымшасы арқылы қызметті алу үшін:
- қосымшаға кіріп, "eGov Мемлекеттік қызметтер" — "Жүргізу және көлік" бөліміне өту;
- "Жүргізуші куәлігін беру" қызметін таңдау;
- фотоға қойылатын талаптармен танысып, файлды жүктеу;
- қолтаңба үлгісін жүктеу немесе жазып, "Сақтау" батырмасын басу;
- дайын құжатты алу үшін ХҚКО бөлімін таңдап, "Жалғастыру" батырмасын басу;
- мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда "Бұрын төленген" функциясын пайдалануға болады;
- өтінімге қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.
Қызмет нәтижесі eGov.kz порталындағы Жеке кабинеттегі "Хабарламалар" бөлімінде және eGov Mobile қосымшасындағы "Хабарламалар" — "Жеке кабинет тарихы" бөлімінде көрсетіледі. Дайын құжатты рәсімдеу кезінде таңдалған ХҚКО-дан, жеке куәлікті ұсыну арқылы, алуға болады.
"Жақын арада жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметін толықтай онлайн форматқа кезең-кезеңімен көшіру жоспарлануда. Биыл сәуір айынан бастап өтінімдерді электронды түрде беру тәсіліне басымдық беріледі, бұл ХҚКО-ға барудан бас тартып, ондағы кезектерді азайтуға мүмкіндік береді. Қызметтің онлайн форматта бұрыннан қолжетімді әрі сұранысқа ие екенін ескерсек, бұл қадам процесті цифрландырудың қисынды жалғасы болмақ", - деді Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Фотосуретті жүктеу кезінде белгіленген талаптарды сақтау маңызды. Сурет форматы сапа параметрлеріне сәйкес болуға тиіс. Толық талаптар тізімімен eGov.kz порталындағы қызмет паспортынан танысуға болады.
Сонымен қатар бұрын берілген жеке куәліктегі немесе төлқұжаттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда сурет алынатын құжат үш жылдан аспайтын мерзімде берілген болуға тиіс. Егер мерзім үш жылдан асса, жүйе өзекті фотосуретті қолмен жүктеуді ұсынады.
Өтінім беру барысында кейбір жағдайларда пайдаланушы құжатының деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерде цифрландырылмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті хабарлама көрсетіледі және деректерді жаңарту үшін ХҚКО-ға жеке жүгіну қажет болуы ықтимал.
Сондай-ақ жүйе берешектердің бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер жүргізушінің 30 күннен астам уақыт бұрын салынған, төленбеген айыппұлы болса, ол толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру мүмкін болмайды.
Айта кету керек, жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылған сәттен бастап тұрғындар оны 60 000-нан астам рет пайдаланған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2347664-ministrlik-qazaqstanda-zhurgizushi-kualigin-auystyruga-qatysty-mangyzdy-aqparatty-zhariia-etti/