Таяу шығыстағы қақтығыс: Қазақстан азаматтары елге қалай қайтарылатыны белгілі болды
Опубликовано:
Читать на русском
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев үкімет үйіндегі брифингте Таяу Шығыстан Қазақстан азаматтарын қайтару жоспары туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Нұрлан Сауранбаев бүгін орындалатын жекелеген рейстерге қатысты түсінік берді.
"Онда арнайы бағыт – ол Сауд Арабиясы, Мысыр жаққа және Түркия арқылы бір бағыт бар. Екінші бағыт, егер қайтадан ұшып шықса, Сауд Арабиясына барады, содан кейін Пәкістан арқылы Қазақстанға ұшып шығады. Қарастырылып жатқан – осы екі негізгі бағыт. Жалпы Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі есеп жүргізеді. Жолаушылар санына келетін болсақ, шамамен – 5000. Flydubai әуе компаниясының алғашқы эвакуациялық рейсі ұшып кетті. Ал Қазақстан жағынан алты ұшақ – Air Astana және Scat Airlines ұшақтары дайын. Демек алты ұшақ бар деген сөз, егер ашылса, біз оларды дереу жібереміз. Жалпы жұмысты Сыртқы істер министрлігі жүргізіп жатыр – ведомство біздің әрекеттерімізді үйлестіруде", - деп түсіндірді көлік министрі.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев кешегі Flydubai рейсі әуе компаниясының шешіміне сәйкес ұшып шыққанын, және онымен бұрын билет сатып алған Қазақстан азаматтары ұшып кеткенін айтты.
"Сондықтан Flydubai әуе компаниясы... Әмірліктер әуе кеңістігін жауып тастады. Басқа әуе компанияларына ұшуға рұқсат бермейді, ал өз компанияларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті кешегі рейс орындалды. Олар бұрынырақ билет сатып алған адамдар" - деп атап өтті ол.
Қазақстанның билетсіз, транзит аймағында жүрген азаматтары және БАӘ мен Қатарда тұратын Қазақстан азаматтары екі көршілес ел арқылы тасымалданады.
"Бүгін азаматтарымыз мінген автобустардың алғашқы колоннасы Дубайдан жолға шықты. Біз бүгін кешке дейін Оман Сұлтандығынан 467 қазақстандықты Қазақстанға қайтаруды жоспарлап отырмыз. Екінші рейс Қатардан Сауд Арабиясына орындалады, мүмкін Джидда қаласына, өйткені ол Сауд Арабиясы Корольдігінің батыс бөлігінде орналасқан. Біз адамдарды Қатардан Эр-Риядқа автобуспен, Эр-Риядтан Джиддаға, ал Джиддадан өз рейстерімізбен Қазақстанға қайтарамыз", - деп атап өтті спикер.
Ол сондай-ақ Иранның әуе кеңістігі жабық екенін, сондықтан онда жүрген Қазақстан азаматтары Армения, Әзербайжан және Түрікменстан аумақтарымен құрлық арқылы эвакуацияланатынын еске салды.
"Сыртқы істер министрі әріптестерімен телефон арқылы сөйлесті. Кеше Иранның солтүстігіндегі Қорған қаласында жүрген 17 Қазақстан азаматы Түрікменстан арқылы шықты. Ең жақын шекара өткелі Түрікменстан арқылы болғандықтан, Түрікменстан билігі рұқсат берді, біздің азаматтарымыз шекарадан аман-есен өтіп, қазір Қазақстанға келе жатыр", - деді сыртқы істер министрінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Ираннан көршілес елдер арқылы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау туралы мәлімдеме жасаған еді. Сондай-ақ Дубайдан Алматы мен Астанаға ұшатын рейстер туралы хабарлағанбыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2349604-taiau-shygystagy-qaqtygys-qazaqstan-azamattary-elge-qalai-qaitarylatyny-belgili-boldy/