"Балаларыңызға мұқият болыңыздар": ІІМ жасөспірімдердің ата-аналарына маңызды үндеу жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Полицейлер жасөспірімдердің ата-аналарына үндеу жасап, кәмелетке толмағандар жиі тартылатын кең таралған қылмыстық схемалар туралы ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, кейінгі уақытта кәмелетке толмағандарды есірткі айналымына тарту фактілері тіркелуде.
"Көбінесе жасөспірімдерге әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы "жеңіл табыс" табу ұсынылады. Оларды жасырын орындарға қойып кетуші ретінде жұмыс істеуге шақырады. Мұндай ұсыныстарды интернеттегі есірткі-дүкендерінің ұйымдастырушылары таратады.
Олар жастардың тез ақша табуға деген қызығушылығы мен сенгіштігін пайдаланып, кәмелетке толмағандарды қылмыстық әрекетке тартады. Жасөспірімдер құқықтық салдарының ауырлығын толық түсінбей, мұндай "жұмысқа" келіседі және іс жүзінде есірткінің заңсыз айналымының қатысушыларына айналады", - делінген хабарламада.
ІІМ мұндай қылмыстарды жасағаны үшін заңнамада ересектермен бірдей қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
"Сонымен қатар заңсыз әрекетке тартылған кәмелетке толмағандар көбінесе өзіндік тұзаққа түсіп қалады. Есірткі-дүкендерінің әкімшілері бопсалау мен қорқыту арқылы психологиялық қысым жасап, олардың қылмыстық схемадан бас тартуына жол бермейді және түрлі тәсілдермен жасөспірімдерді есірткі айналымында ұстап қалуға тырысады", - делінген хабарламада.
Қазақстанда жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 23 жасөспірім ұсталған. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес:
- есірткіні заңсыз сақтағаны үшін – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- дайындау, тасымалдау және өткізу үшін – 7 жылдан 12 жылға дейін;
- есірткіні насихаттау және жарнамалау үшін – 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Есірткіге байланысты қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап, ал жекелеген құрамдар бойынша 14 жастан бастап қарастырылған.
"Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға мұқият болыңыздар: олардың араласатын ортасына, интернеттегі белсенділігіне және табыс көздеріне назар аударыңыздар.
Құрметті жастар! 23 жасөспірім қазірдің өзінде қателік жіберді. Олардың жолын қайталамаңыздар. Денсаулықты, білімді, спортты және заңды табысты таңдаңыздар", - деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды қырағылық танытуға және есірткінің таралу фактілері туралы хабарлауға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2352926-balalaryngyzga-muqiiat-bolyngyzdar-iim-zhasospirimderding-ata-analaryna-mangyzdy-undeu-zhasady/