"Бағанашыл" балалар үйіне қатысты дау: ғимараттың кей корпустары сүрілді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы әкімдігі бұған дейін дау тудырған Бағанашыл шағын ауданындағы балалар үйінің бұзылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы қалалық Білім басқармасының хабарлауынша, 2025 жылдың 13 қазанында "Integra Construction" ЖШС мен құрылыс басқармасы арасында жаңа нысанды жобалау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
"Техникалық тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік және оқу ғимараттары, сондай-ақ спорт және акт залдары сейсмикалық тұрғыда күшейтуге келмейтіндіктен бұзылады деп анықталды. Жоғарыда аталған ғимараттарды демонтаж жасау жұмыстары аяқталды", - деді әкімдік өкілдері.
Жобада жатақхана корпусына реконструкция жасау, сондай-ақ жаңа оқу, спорт, әкімшілік ғимараттар мен асхана салу қарастырылған.
Жұмысты осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда.
"Бағанашыл" балалар үйіне қатысты дау
Былтыр 21 шілдеде әлеуметтік желілерде балалар үйі тәрбиеленушілерінің Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқаны туралы видео тарады.
Бұл кадрларға бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саин назар аударып, балалардың келісімінсіз және пікірімен санаспай көшіру, олардың құқықтарын бұзу екенін айтты.
"Бұл жағдай енді жеке мәселе емес және мемлекеттің дереу араласуын талап ететін қоғамдық трагедияға айналып барады", - деді Аружан Саин.
Кейін жағдаймен танысқан мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне тапсырма беріп, "Бағанашыл" балалар үйі көшірілмейтін болды.
Алматы әкімдігі балалар бір-бірінен ажырамайтынын, Алматы қаласында білім алуын жалғастыратынын мәлімдеді.
Кейінірек Алматыға "Бағанашыл" балалар үйінің қызметіне қатысты жағдайды жан-жақты және объективті қызметтік тексеру үшін Президент әкімшілігінен комиссия келді.
Қызметтік тексеруден кейін Алматы облысында үш шенеунік соның ішінде облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева қызметінен босатылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2359473-baganashyl-balalar-uiine-qatysty-dau-gimarattyng-kei-korpustary-surildi/