Алматыда марқұм Гүлнәр Сиқымбаеваның ұлы жоғалып кетті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, марқұм Гүлнәр Сиқымбаеваның ұлы іздестіріліп жатыр. Полиция іздеу жұмыстарының барысы туралы мәлімдеді.
Баир Сиқымбаевтың іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат Lider.kz еріктілер қозғалысының Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
Онда жарияланған ақпарат бойынша, Баир Сиқымбаев 2026 жылғы 24 наурызда шамамен сағат 13:20-да Коперник көшесіндегі 114-үйден шығып кетіп, содан бері байланысқа шықпаған.
Белгілері: бойы 180-185 см, арықша келген, шашы қысқа, қара, көзі қоңыр. Үстіне қара түсті спорттық костюм киген.
Kazinform агенттігінің мәліметінше, Алматы полиция департаменті ер адамның іздестіріліп жатқаны туралы ақпаратты растаған.
"Медеу аудандық полиция басқармасы бұл дерек бойынша іздестіру жұмыстарын бастады. Қазіргі таңда ер адамды іздеуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеген полиция департаментінің өкілі.
Айта кетейік, танымал эстрада әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаева 2024 жылғы қазанда дүниеден өтті.
Ол сондай-ақ әйгілі "Гүлдер" ансамблінің солисі болған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2359685-almatyda-marqum-gulnar-siqymbaevanyng-uly-zhogalyp-ketti/