Түркістан облысында әкесін ұрып-соққаны үшін сотталған ер адамның жазасы қатаңдатылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Түркістан облысында қоғамда резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі өзгерді. Әкесін ұрып-соққан ер адамның жаза мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Түркістан облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында прокуратураның апелляциялық өтінішхаты қаралған. Прокуратура бұған дейін өңір тұрғынына қатысты бірінші сатыдағы соттың үкіміне шағым түсірген.
Бірінші сатыдағы соттың 2026 жылғы 16 қаңтардағы үкімімен ер адам ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігі 1) тармағы және ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сот алқасы, апелляциялық тәртіппен істі қарап, ер адамның жасаған қылмысының сипаты мен қоғамдық қауіптілігін, тағайындалған жазаның мөлшерін жан-жақты, толық және объективті түрде зерделеп мынадай тұжырымға келген.
Сот тұжырымы бойынша, ер адам жасаған қылмыс қоғам үшін өте ауыр оқиғалардың бірі болған. Ол жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, оны қинау, ұдайы ұрып-соғу арқылы тәніне және психикасына зардап тигізген. Асқан қатыгездікпен туған әкесінің денсаулығына қасақана орташа дәрежедегі жарақат салып, ұзақ уақыт қорлап келген. Сондай-ақ жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін құқық қорғау органдарына хабарламай, жерлемек болған.
Соттың хабарлауынша, мұның барлығы жаза мерзімін арттыруға толық негіз болған.
2026 жылғы 31 наурызда сот қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертіліп, ер адамға түпкілікті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Прокурордың апелляциялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылған.
Қаулы 2026 жылғы 31 наурызда заңды күшіне енген.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйекте әлеуметік желіде Түркістан облысында ер адамның әкесін аяусыз қорлап, балағаттап, ұрып-соққан видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Көп ұзамай күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Биылғы 16 қаңтарда ер адамға сот үкімі шығып, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда аудандық прокуратура сот үкімімен келіспей, наразылық білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2360385-turkistan-oblysynda-akesin-uryp-soqqan-er-adamga-qatysty-zhaza-merzimi-uzrtyldy/