Парламентте көлік жүргізушілерін психологиялық тесттен өткізу туралы ұсыныс айтылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Cенат отырысында депутат Марат Қожаев жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін бірқатар шара ұсынды, атап айтқанда жүргізушілерді қосымша тексеру туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Осы депутаттық сауалға себеп болған нәрсе – жолдағы соңғы қайғылы жағдайлар, соның салдарынан жастар қаза тапты. Олардың өмірін үзген – адамдардың шамадан тыс сенімділігі мен жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық қауіпсіздікті елемеуі.
Бұл мәселе, әсіресе, ірі қалаларда өте өзекті, онда көлік жүргізушілерінің агрессияға бой алдыруы, жылдамдықты арттыруы, түнгі жарыстар және басқа да жол қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайлары жиі кездеседі", - деді Марат Қожаев.
Оның айтуынша, кейбір жүргізушілер әкімшілік айыппұлды жылдамдықты арттыруға, жайлылық және ешбір тыйымсыз жүруге төлейтін қосымша шығын ретінде қарастырады. Депутаттың сөзінше, жол апаттарының 90 пайызы жылдамдықты арттыратын жүргізушінің қателігінен болады.
Депутат жүргізушілерді қадағалаудың жаңа шараларын ұсынды:
- аймақаралық тас жолдарда ғана емес, елді мекендерде де орташа жылдамдықты өлшеу, бұл шара жүргізушілердің бейнебақылау камералары алдында ғана жылдамдықты азайтқанын анықтайды.
- жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда біртіндеп жауапқа тарту – айыппұл төлеудегі жеңілдік тетіктерін алып тастау, жол қозғалысы ережелері бойынша білімін қайта тексергенге дейін жүргізуші куәлігін шектеу және көлікті қауіпті немесе абайсыз жүргізген жағдайда жүргізуші куәлігін қайтарып алу;
- жол қозғалысы ережелерін сақтаған жүргізушілерге сақтандыру құнын төмендету және жолда қызмет көрсетуде жеңілдіктер беру арқылы ынталандыру;
- жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын адамдардың жүргізушілік өнімділігін бағалайтын тәуекелге негізделген тәсілді енгізу – жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатындарды бағалау рәсімін енгізу, оның ішінде қауіпті және агрессивті мінез-құлыққа бейімділігіне психологиялық тестілеу.
Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты болды. Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2360865-qazaqstanda-zhol-apatynyng-aldyn-alu-ushin-zhurgizushilerdi-psihologiialyq-testten-otkizu-turaly-usynys-aityldy/