jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Қарағандыда бір үйде 40-қа жуық қаңғыған ит асыраған тұрғын көршілерінің мазасын қашырды

Иттер
Иттер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қарағандыда жер үй тұрғындары көршісінен ығыры шығып, мазасы кеткен. Себебі көршісі үйіне 40-қа жуық қаңғыған итті жинап алған. Иттер өткен-кеткенге жабыла шәуілдегенде, құлағымыз тұнып, басымыз айналады, ал нәжіс иісінен тыныс алу мүмкін емес, дейді наразы көршілер. Тұрғындардың шағымданып бармаған жері қалмапты, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Кезінде тып-тыныш көшедегі үйді қазір айналаның бәрі біледі.

"Итті адамнан артық көреді, біздің немерелеріміз иттен қорқады, ана жаққа бара алмайды. Күйеуі итті жақсы көремін, көргем және көре беремін дейді. Иттің иісінен не бақшаға шыға алмаймыз, не тыныстап дем ала алмаймыз. Кешке жақын иттер ұлиды. Тыныштық кетті", - дейді Зоя Үмбетжанова.

Итке толы үйге қожайындары осыдан он жыл бұрын көшіп келіпті. Содан бері қолқаны қабатын иіс пен құлақ тұнатын шудан тұрғындардың мазасы кетіп, ығыры шыққан. Айтуларынша, сасық иістен, тіпті терезелерін ашудан қалған.

"Иттің нәжіс иісі ме, сасыған иіс шығады. Күн демей, түн демей, үре береді. Өткен-кеткенге, үйде бірдеңе тырс ете қалса, бәріне үреді. Үйде ерекше балам бар, осы жер үйді алғанбыз, балам емін-еркін жүрсін, жақсы дамысын деп. Міне, енді баламды далаға шығара алмаймын", - дейді Нұрбек Жақыпбеков.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы уақытта лас үйдің айналасына егеуқұйрық қаптай бастаған. Ал ит асыраушысы өзін кінәлі санамайды. Айтуынша, қаңғыған иттерді қорғауға барын салып, жақсылық жасап жүр. Мазаларыңды алсақ, қала шетінен ит асырайтын жер алып беріңдер деп, жұрттың өзіне қолқа салады. Ал әзірге үйдің іші-сырты толғанша, ит жинай беремін деп отыр.

"Арыздарыңды растау үшін ауаның ластануы мен шудың көлемін анықтаңдар" дейді. Көршілер алақандай аулада үлкен-кішілі, кемі 30-40 ит бар дейді. Көршісімен сан рет келісуге тырысқан. Полицияға да арызданған. Олар бір мәрте айыппұл да салыпты. Бірақ онымен мәселе шешілмеген.

"Иттерге берген тамақ қалдығын жинау бойынша шағым болған. Ол жерге полиция инпекторы жіберіліп, абаттандыруды сақтамау бабы бойынша бірінші рет ескерту жасалған. Одан кейін абаттандыруды бұзғаны үшін, ҚР ӘҚБ кодексінің 505-бабы, 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған", - дейді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Учаскелік инспектор санэпидемиологтар мен ветеринария қызметіне жануарларды бағу жағдайын, рұқсат құжаттарын тексеру үшін хат жолдаған. Аудандық әкімдікке де айтылған. Алайда бәрі де аталған мәселені шешуге "қауқарымыз жетпейді" дейді.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Қарағандыда бір үйде 40-қа жуық қаңғыған ит асыраған тұрғын көршілерінің мазасын қашырды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.