Шақырту, медкомиссия, кейінге қалдыру: Қазақстандағы әскерге шақыру туралы не білу керек
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрлігі еліміздегі әсакерге шақыру процесі қалай өтетіні туралы жадынама жариялады. Ведомство таратқан ақпаратта маңызды мәліметтер қамтылған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңдерді қамтиды. Төменде шақырту қалай беріледі, мәртебені қалай тексеруге болады, кімдерге кейінге қалдыру қарастырылған, егер сіз оқуда болсаңыз немесе шетелде жүрсеңіз не істеу керек сынды әрбір әскерге шақырылған жас білуге тиіс негізгі жайттар қарастырылған.
Шақырту қағазы қалай беріледі және оны алғаннан кейін не істеу керек?
Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау - әрбіз жас азамат үшін міндетті заңды талап.
Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі. Қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді.
Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаумен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Шақырту алғаннан кейін деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.). Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар.
Егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет. Ауырып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуге тиіс.
Шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі. Уақытылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2366724-shaqyrtu-medkomissiia-keiinge-qaldyru-qazaqstandagy-askerge-shaqyru-turaly-ne-bilu-kerek/