"Мектепті де су басуы мүмкін": Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде үйлер суға кеткелі тұр
Жарияланған күні:
Түркістан облысында Келес өзені жағасына салынған 60-қа тарта жер үй суға кетуге шақ тұр. Себебі жағалаудағы жарқабақ бір айда 40 метрге дейін опырылып құлаған. Ал оған өзен арнасының өзгеруі себеп болған. Өзен бойын қазып, табанынан тас ала берген соң, судың ағыны күшейіп, жағалауды шайып кетіп жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жуантөбе ауылындағы Есіркеповтер әулетінің қара шаңырағының қазір жартысы ғана қалған. Жартысы бір ай бұрын опырылып құлап, жармен бірге ағып кеткен. Жарқабақты ағын су тез кеміріп жатқаны туралы жауаптылардың "бәріне хабарлағанбыз" дейді үй иелері. Әйтсе де қора-қопсысын құтқара алмапты.
"Бүтін тұрған үй, осы бір айдың көлемінде осы жағдайға жетті. Бір айда 20-10 метрдей опырылды. Мына жерде ошақ-қорамыз болған, мына жерде жоғары кернеулі бағана тұрған, тапчанымыз болған, бәрі суға кетті. Төтенше жағдай департаменті қауіпті деп танып тұрған жоқпыз дейді. Одан кейін облыс әкіміне жазылып кірдік. Облыс әкімі Келес арнасын бұрып береміз, 2025 жылға жоспарланған деді", - дейді Жуантөбе ауылының тұрғыны Қарлығаш Кеңес.
Ауыл жұртының бағына орай, қазір Келес өзенінде, әрі кетсе секундына 30 шаршы метр су ағып жатыр. 120 шаршы метрге дейін таситын өзенге су толса, онда арнаны жағалай қоныстанған Жүзімдік, Жуантөбе мен Қазақстан ауылдарында апат болайын деп тұр, дейді жұрт.
"Мысалы, мына жар құласа, мектепке де қауіп төніп тұр. Ол мектептің дауалына жақындап қалған. Оның бергі жағында 30-40 үй бар, мына жақта да бірталай үй бар, қауіп төніп тұр. Биыл 40-50 метр төңірегінде Келес жылжыды, бір айға жетер-жетпес деңгейде, 50 метрге дейін жылжыды. Содан кейін бәріміз үдеріп шығып жатырмыз", - дейді Рүстем Оразбаев.
Тұрғындар өзен ағысы мен арнасының өзгеруіне Келестен тас алатындарды кінәлі санайды. Құмды ұстап тұрған тасын алған соң, ағысы күшейіп, жарды опырып жатыр, бірақ тас қазушыларды ауыздықтап жатқан ешкім жоқ дейді. Аудан билігі өзен бойындағы 60-қа жуық үйге қауіп төніп тұрғанын растап отыр. Бірақ өзен бойын бекітуге жергілікті әкімдікте қаражат қарастырылмаған дейді.
"Келесті 2024 жылы 11 жерден қию жұмысын жүргізгенбіз. Қазір Абайдан басталады, Ғани Мұратбаевқа дейін Келес өзенінің бойындағы жар ұрып жатқаны жөнінде біз тиісті актіні толтырып, тиісті төтенше жағдай басқармасына жолдағанбыз", - дейді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.
Өзен бойындағы жармен бірге опырылу қаупі бар үйлер мәселесімен нақты айналысатын төтенше жағдайға жауапты мамандар екен. Бірақ жауапты ретінде жұртпен тілдесуге келген басшы "мәселені білеміз, бірақ ештеңе істеп жатқан жоқпыз" деп ашық айтты.
"Бізге кімнен арыз түседі, сол ғана. Мына үйден арыз түсті ме, бұл келеді, бізге егесі арыз жазады, келеді, көреді, актілейміз, болды. Ал бұл үйді актілемедік, хабарым жоқ. Былтыр келген деп айтып тұрғаны жйлы және не жұмыс атқарылып жатқаны туралы ештеңе айта алмаймын. ТЖ тарабынан істеліп жатқан жоқ", - дейді Келес ауданы ТЖБ аға инженері Жанболат Тастанқұл.
Қаржы қарастырылмаса да, аудан әкімдігі өзен арнасын бұру және опырылып жатқан жерді бекітуді өз мойнымызға аламыз дейді. Ол үшін кәсіпкер тауып, техника сұратпақ. Бірақ үйіне алаңдаулы ел ұрлап тас қазушыларды тоқтатпайынша, мұның бәрі бос әуре деп отыр.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2367228-mektepti-de-su-basuy-mumkin-turkistan-oblysyndagy-auyldardyng-birinde-uiler-suga-ketkeli-tur/