"Мұндай әрекет үшін жауапкершілік көзделген": ІІМ Қазақстан азаматтарына үндеу жасады
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі ел азаматтарына үндеу жасап, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін жауапкершілік барын еске салды, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзге де қауіп туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату фактілері әлі де тіркеліп отыр.
Мұндай әрекеттер әзіл, қалжың ретінде болса да, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады және ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуацияға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкеледі, сондай-ақ шұғыл қызметтердің елеулі күштері мен құралдарын алаңдатады.
Бұл қылмысты жасағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Осындай барлық хабарлама міндетті түрде тексеріледі, ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдарды қолдану арқылы анықталады", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты полиция азаматтарды:
- тексерілмеген ақпаратты таратпауға;
- жалған шақырулар мен хабарламалар жасамауға;
- балаларға терроризм актісі туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге;
- қауіп-қатері бар хабарламалар алған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2367636-mundai-areket-ushin-zhauapkershilik-kozdelgen-iim-qazaqstan-azamattaryna-undeu-zhasady/