Жолаушылар пойыздарының құрамына ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнайы вагондар енгізілмек
Жарияланған күні:
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкімет отырысында еліміздегі жолаушылар тасымалдайтын пойыздарда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған арнайы вагондарды енгізу пысықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында көлікке қолжетімділікті қамтамасыз ету үш негізгі бағыт бойынша жүруде, олар – инфрақұрылым, көлік және қызмет көрсету.
Теміржол көлігінде құрамдардың шамамен 90 пайызы көтергіштермен және арнайы купелермен жабдықталған. 2030 жылға қарай әр құрамда кемінде бір мамандандырылған вагон болмақ.
Вокзалдарды реконструкциялау жөніндегі үлкен бағдарлама шеңберінде осы мақсаттағы қажетті элементтер көзделген, олар – пандустар, лифттер, көтергіш құрылғылар, сондай-ақ кассалық аймақтар мен санитарлық үй-жайлар қайта жабдықталмақ.
Авиация саласында әуежайлардың қолжетімділік деңгейі артып келеді. Олар ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетудің негізгі шарттарымен қамтамасыз етілген.
Автомобиль көлігінде инклюзивтілік деңгейін кезең-кезеңімен арттыру жолға қойылған. Автовокзалдар мен автостанциялардың шамамен 80 пайызы, қалалық автобустардың 79 пайызы қолжетімділік талаптарына сәйкес келеді.
Инватакси жүйесі де дәйекті түрде дамып келеді. Мұндағы автопарк 30 пайызға ұлғайып, олардың саны 1426-ға жетті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2368128-zholaushylar-poiyzdarynyng-quramyna-erekshe-qazhettiligi-bar-adamdarga-arnaiy-vagondar-engizilmek/