"Жасыл" энергияның күретамыры: энергетикалық трансформациядағы мыстың миссиясы мен KAZ Minerals рөлі
Жарияланған күні:
Читать на русском
Күн панельдері, жел турбиналары мен электромобильдер – осы технологиялардың барлығының негізінде мыс жатыр. Онсыз энергетикалық трансформацияны елестету мүмкін емес. Астанада өткен өңірлік экологиялық форумда KAZ Minerals Тобы осы металдың жаңа энергетика үшін маңызын айқындап берді.
Жаңартылатын энергия көздерінің дамуы мысқа деген сұранысты тікелей арттырып отыр. Жел және күн қондырғыларына, сондай-ақ электр көлігіне дәстүрлі энергетикаға қарағанда бірнеше есе көп металл қажет.
"Біз жаңартылатын электр энергиясының не нәрсеге сүйеніп жасалатынын жиі ұмытып жатамыз. Мыс – кез келген жаңартылатын генерация үшін қажетті басты материал. Онсыз энергия ауысуы жүзеге аспайды. Энергияның жаңа түрлері мысты әлдеқайда көп қажет ететінін біз жақсы түсінеміз", - деп атап өтті "KAZ Minerals Management" ЖШС басқарма төрағасы Айжан Балабатырова.
Нақты деректерге сүйенсек, теңіз жел турбинасын шығару үшін газ генерациясына қарағанда тоғыз есе көп мыс жұмсалады. Әрбір электромобильде 70 келіден астам мыс болса, қарапайым көлікте бұл көрсеткіш шамамен 20 келіні құрайды. Сонымен қатар мыс электр энергиясын өндіру, сақтау және тасымалдау процестеріне де қатысады. Ал деректер орталықтарының көбеюі, цифрландыру және AI-технологияларының дамуы мыс тұтыну көлемін одан ары арттыра түспек.
Мәселен, 2024 жылы әлем бойынша мысқа деген сұраныс 27,3 млн тоннаны құрады. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 млн тоннаға жетіп, жыл сайын 2,9%-ға өсіп отырмақ. Ал 2026 жылдың өзінде әлемдік нарықтағы тазартылған мыс тапшылығы 150 мың тоннаға жетеді деп болжануда. Бұл олқылықтың орнын тез толтыру оңай емес. Айжан Балабатырованың айтуынша, жаңа кен орнын игеруге орта есеппен 17-ден 23 жылға дейін уақыт кетеді. Сондай-ақ соңғы 15 жылда ашылған бай мыс кен орындарының саны өткен онжылдықтармен салыстырғанда айтарлықтай азайған.
"Мысты "жасыл металл" деп атайды. Оның энергия шығыны аз, барлық электр беру желілері мыстан тұрады, инфрақұрылым мен жабдықтар да осы металға негізделген. Бұл жай ғана маркетингтік айла емес, мыс шынымен де энергия ауысуының негізгі элементі, ал KAZ Minerals – осы процестің ажырамас бөлігі", - деді KAZ Minerals Тобының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджері Даниял Үмбеталиев.
KAZ Minerals Тобы әлемдегі ең ірі 20 өндірушінің қатарына кіреді және 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы компания 370 мың тонна мыс өндірді. Жаһандық тапшылық жағдайында компанияның сенімді жеткізуші ретіндегі рөлі стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Бұл ретте компания өндіріс көлемін экологияға зиян келтірмей арттыру қажет деп санайды. Осы мақсатта компанияның "Safe Sustainable Copper" ("Қауіпсіз тұрақты мыс") тұжырымдамасы жүзеге асуда. Даниял Үмбеталиев оның үш негізгі бағытын атап өтті, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі, тұрақты даму және мысты энергия ауысуының іргетасы ретінде қарастыру.
Бұл стратегияның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. 2025 жылы компания су тұтынуды 2%-ға, ал энергия тұтынуды 3%-ға азайтты. Кәсіпорындардағы парниктік газ шығарындылары өңделген кеннің әр тоннасына шаққанда 0,031 тоннаны құрайды. Компания жаңартылатын энергетикаға инвестиция салып, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілер арасындағы теңгерімді сақтап келеді.
Айжан Балабатырованың сөзінше, энергия ауысуына салынатын жаһандық инвестиция көлемі жылына 2 трлн доллардан асады және бұл көрсеткіш өсіп келеді. KAZ Minerals та осы бағытта нық қадам басып келеді. Компания қазірдің өзінде гидрогенерация жобаларын іске асырып, жел және күн энергиясын өндіру мүмкіндіктерін қарастыруда.
"Біз үшін тұрақты даму – жай ғана әдемі сөз емес, күнделікті ұстанатын стратегиямыз", - деп түйіндеді Айжан Балабатырова өндірушілерді ортақ мақсат жолында күш біріктіруге шақыра отырып.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2369177-zhasyl-energiianyng-kuretamyry-energetikalyq-transformatsiiadagy-mystyng-missiiasy-men-kaz-minerals-roli/