Астанада Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай экологиялық акция өтті
Жарияланған күні:
"Хабар" агенттігі елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Дәстүрге айналған ағаш отырғызу акциясы биыл ерекше мазмұнмен толықтырылып, қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналды. Осылайша, қоршаған ортаны қорғау мен ұлттық мәдени мұраны ұлықтау идеялары бір арнада тоғысып, мағыналы шараға ұласты, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.
Экологиялық акция Астанадағы Ермек Серкебаев атындағы №3 музыкалық балалар мектебінің ауласында өтті. Мектеп ауласы бұл күні шағын концерт залына айналып, жас өнерпаздар ұлы әншінің репертуарын табиғат аясында шырқап, ерекше атмосфера қалыптастырды. Табиғатқа жанашырлық танытқан бұл қадам тек қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да өз үлесін қосады.
"Белгілі журналистер, "Хабардың" жұлдыздары қатысқан мерейтойлық жыл аясындағы алғашқы ауқымды шаралардың бірі жүзеге асып, Ермек Серкебаевтың 100 жылдығын атап өтудің ресми шымылдығы ашылды деуге толық негіз бар.
Осындай мазмұнды шаралар арқылы "Хабар" агенттігі қоғамда экологиялық жауапкершілік пен рухани құндылықтарды қатар дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастыра бермек", - делінген агенттік хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2369973-astanada-ermek-serkebaevtyng-tuganyna-100-zhyl-toluyna-orai-ekologiialyq-aktsiia-otti/