Қазақстандық оқушылар Еуропалық математикалық олимпиадада 3 алтын және 2 күміс медальмен топ жарды
Жарияланған күні:
Литва астанасы Вильнюсте өткен Еуропалық математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылар топ жарды. Ұлттық құрама 3 алтын және 2 күміс медальмен командалық есепте 1-орын алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 23-29 сәуір аралығында Литва Республикасының Вильнюс қаласында алғаш рет European Mathematical Olympiad өтті.
Аталған олимпиадаға 19 елден 21 команда, жалпы саны 126 оқушы қатысты. Қатысушы мемлекеттер қатарында Албания, Армения, Болгария, Эстония, Финляндия, Франция, Грузия, Исландия, Ирландия, Қазақстан, Косово, Латвия, Литва, Солтүстік Македония, Норвегия, Польша, Словения, Швейцария және Украина бар.
Қазақстанның ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Құрама қоржынына 3 алтын және 2 күміс медаль түсті.
Олимпиаданың абсолют жеңімпазы атанған Марғұлан Шарел – Астана қаласындағы Spectrum International School 12-сынып оқушысы.
Алтын медальді Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Эльдар Усенов және Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы Эрик Лим қанжығаға байлады.
Күміс медаль иегерлері Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 11-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек және Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы Ануар Ағыбаев.
Құрама жетекшілері Қазақстан-Британ техникалық университетінің 4-курс студенті Ярослав Гальберг пен Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейінің математика пәні мұғалімі Асхат Абдыкулов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2371317-qazaqstandyq-oqushylar-europalyq-matematikalyq-olimpiadada-3-altyn-zhane-2-kumis-medalmen-top-zhardy/