Қазақстанда енді борышкерлерге үйді босату керек екені 10 күн бұрын ескертілмек
Жарияланған күні:
Қазақстанда борышкерлерді баспанадан шығарардан 10 күнтізбелік күн бұрын оларды міндетті түрде хабардар ету тәртібі енгізіледі, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мәжіліс бірінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады.
Депутаттар бастамашы болған заң жобасында атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту көзделген.
"Құжат бойынша, борышкерді баспанадан шығарудан 10 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету тәртібі енгізіледі. Бұл шара азаматтарға дайындалуға және басқа баспана табуға мүмкіндік береді.
Баламен қарым-қатынас тәртібіне қатысты атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлерді бірыңғай тізілімге енгізуге жол берілмейді.
Бітімгерлік келісім жасасу үшін атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейін тоқтата тұру мүмкіндігі көзделіп отыр.
Егер атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өткен болса, барлық мәжбүрлеп орындау шарасының күшін жою туралы норма енгізіледі", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, атқарушылық құжатты соңғы орындаған және іс жүргізуді тоқтатқан сот орындаушысына басқа сот орындаушылары салған барлық тыйым салулардың күшін жою құқығы беріледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2371422-qazaqstanda-endi-boryshkerlerge-uidi-bosatu-kerek-ekeni-10-kun-buryn-eskertilmek/