Сеулден Цюрихке бет алған ұшақ Алматыға шұғыл қонуға мәжбүр болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Сеулден Цюрихке ұшып бара жатқан Swiss Airlines ұшағы Алматыға шұғыл қонды. Ол Қазақстан аспанында апаттық сигнал берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сеулден Цюрихке бара жатқан SWISS Airbus A350-941 ұшағы 7700 апаттық сигналын берді. Содан кейін ол Алматыға шұғыл қонды. Бұл ақпарат Flightradar24 сервисінде жарияланды.
Айта кетейік, 7700 сигналы – әуе кемесінің бортындағы апаттық жағдайды көрсететін халықаралық код.
SWISS – Швейцариядағы ең ірі әуе компаниясы. Ол Еуропаға, Америкаға, Африкаға және Азияға рейстер орындайды.
Көлік прокуратурасының NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, LX123 рейсі Алматыға аман-есен қонды. Ведомство жауабына сүйенсек, апаттық сигналды беруге ұшқыштың денсаулық жағдайы себеп болған.
"Ұшқыштың денсаулығына қатысты сұрақ бойынша Азаматтық авиация комитетіне жүгінуді ұсынамыз, себебі бұл ақпарат олардың құзыретіне жатады", - деп хабарлады Көлік прокуратурасындағылар.
Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың 6 мамырында сағат 12:48-де Сеулден Цюрихке ұшып бара жатқан швейцариялық Airbus A350 ұшағы шұғыл қонған.
"Ұшақтың шұғыл қонуына екінші ұшқыштың денсаулық жағдайының нашарлауы, іштің жіті синдромы себеп болған.
Қонар сәтте әуежайдың медициналық қызметі ұшақты күтіп тұрды. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, белгіленген тәртіпке сәйкес пациентті қалалық жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Ұшқыш қажетті тексеру және одан әрі емделу үшін №4 қалалық ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі өкілі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2373892-seulden-tsiurihke-bet-algan-ushaq-almatyga-shugyl-qonuga-mazhbur-boldy/