Ақылы жолдарда ереже бұзу жағдайларына байланысты елімізде жол полициясын қайта енгізу ұсынылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Сарапшылар жол қозғалысын бақылау жүйелерін айналып өту үшін көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстыратын жүргізушілермен күресу үшін бірқатар шараларды ұсынды. Соның бірі – жол полициясын қалпына келтіру, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ 31 арнаға сілтеме жасап.
Жыл басынан бері ел бойынша ақылы жолдарда жүргізушілердің көлік нөмірлерін жасыруға немесе бұрмалауға тырысқан 2000-ға жуық жағдайы тіркелді. Ал ҚазАвтоЖолдың мәліметі бойынша, бұл жекелеген фактілер емес, ел бойынша бейнекамералар арқылы жиі анықталып жатқан кең таралған тәжірибе.
"Кей жүргізушілер көлік нөмірін алып тастайды немесе шүберекпен немесе басқа заттармен жауып қояды, тіпті жарамсыз ескі нөмірлермен өтіп кетеді. Бірақ біз мұны бірден байқаймыз, себебі біздің бейнекамераларымыз жасанды интеллектімен жұмыс істейді", - деді ұлттық компанияның ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.
Сарапшылар ақылы жолдардың қолжетімді болып қала беретінін, ал оның ақысын төлеуде көбінесе қымбат көліктердің иелері үнемдейтінін айтады.
"Бізде қазір – бәрімен айналысатын әмбебап полиция бар, арнайы жол полициясы жоқ. Көлік жүргізушілерін бақылайтын жол полициясын қайта қалпына келтіруіміз керек. Бізге көлік ағынымен жүріп, ереже бұзғандарды нақты уақыт режимінде анықтайтын полиция керек, сонда жалған нөмір тағып алған көлікті бейнекамера тіркегеннен кейін анықтап, іздеп-табу қажет болмайды", - деген ұсыныс білдірді автосарапшы Алексей Алексеев.
Заңгерлер кездейсоқ жағдайда ластанған немесе оқылмайтын нөмірлер мен әдейі жасырылған нөмірлерді ажыратып қарауға кеңес береді. Қазіргі уақытта нөмірлерді алып тастағаны үшін айыппұл шамамен 10 АЕК (немесе 43 250 теңге) құрайды, ал мұндай айыппұл жүйені әдейі айналып өту үшін тым жеңіл.
"Мен нөмірсіз көлікті жүргізудің алғашқы жағдайы үшін жазаны жалған нөмір тағумен бірдей етіп күшейтер едім. Жалған нөмір таққаны үшін жаза өте орынды: ондай жағдайда бес күнге қамауға алу және бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылады", - деді адвокат Сергей Уткин.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2383736-aqyly-zholdarda-erezhe-buzu-zhagdailaryna-bailanysty-elimizde-zhol-politsiiasyn-qaita-engizu-usynyldy/