Қазақстанда шетелдік автокөліктерге қатысты уақытша нөмір және әкімшілік алымдар енгізу ұсынылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін мәжілістің жалпы отырсында депутат Болатбек Нажметдинұлы Қазақстан аумағына кіретін шетелдік автокөліктерге қатысты уақытша нөмір және әкімшілік алымдар енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Депутаттың айтуынша, мәселен Қазақстан мен Қытай арасындағы автотуризм көлемі артып келеді. Алайда шетелдік автокөліктерге қойылатын талаптарда айқын теңгерімсіздік қалыптасқан.
Нажметдинұлы Қазақстанда тіркелген автокөлік Қытай аумағына кірген кезде мынадай рәсімдерден өтетінін атап өтті:
- уақытша әкелу рәсімінен өтеді;
- уақытша жүргізуші рұқсатын алады;
- уақытша тіркеу, арнайы нөмір және сақтандыру рәсімделеді;
- құжаттарды аудару және нотариалдық рәсімдерден өтеді;
- көлік Қытай аумағында қалып қоймауы үшін кепілдік және бақылау рәсімдері қолданылады.
Оның сөзінше, бұл рәсімдердің барлығы ақылы және шамамен 560 мың теңге болады.
"Яғни Қытай тарапы шетелдік көліктерді бақылап қана қоймай, бұл рәсімдерден ресми кірістер қалыптастырылған. Ал Қазақстан аумағына кіретін шетелдік, оның ішінде Қытай көліктеріне қатысты рәсімдер айтарлықтай жеңілдетілген. Көп жағдайда тек уақытша әкелу кеден рәсімімен шектеледі және ол тегін.
Қазіргі мәліметтер бойынша, соңғы бір жыл және биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде Қазақстан аумағына 8 мыңнан астам Қытай автокөлігі кірген", - деді Болатбек Нажметдинұлы.
Депутат осыған байланысты мынадай сұрақтар туындайтынын айтты.
- қытайлық мемлекеттік нөмірлерді фото-бейнетіркеу жүйелері толық көлемде таниды ма;
- жол ережесін бұзу жағдайында айыппұлдарды өндіріп алу қалай жүзеге асырылады;
- сақтандыру және залалды өндіріп алу тетіктері қаншалықты тиімді;
Депутаттың пікірінше, егер Қазақстан да осындай тең тәсілді қолданса, онда бюджетке шамамен 5 млрд теңге көлемінде қосымша түсім түсуі мүмкін еді.
Осыған байланысты Болатбек Нажметдинұлы өзінің депутаттық сауалында Қазақстан аумағына кіретін шетелдік автокөліктер бойынша мемлекеттік шығындарға талдау жүргізуді, уақытша тіркеу, қауіпсіздік мақсатында уақытша нөмір және әкімшілік алымдар енгізу мәселесін қарауды және Қазақстан азаматтарына Қытай тарапы қолданатын талаптарға сәйкес келетін теңгерімді тәсіл әзірлеуді ұсынды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2383848-qazaqstanda-sheteldik-avtokolikterge-qatysty-uaqytsha-nomir-zhane-akimshilik-alymdar-engizu-usynyldy/