Астанадағы екінші әуежай қаланың қай жерінде салынбақ: әкімшілік мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астана әкімдігі елордада екінші әуежай салынатын орын анықталды деген ақпаратқа қатысты жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Астана әкімдігінің веб-сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Астанада екінші әуежайдың орналасатын орны анықталғаны туралы ақпарат шындыққа сай келмейді.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында Астанада екінші әуежайдың орналасатын орны анықталғаны туралы ақпараттың таралуына байланысты мәлімет шындыққа сай келмейді. Мәліметте көрсетілген "Елордадан солтүстік-батыс бағытында - Шортанды кенті бағытына қарай, Астана - Көкшетау тасжолының бойындағы аумақ" Астана қаласының әкімшілік шекарасына кірмейді. Осыған байланысты аталған аумақ екінші әуежайдың орны ретінде Астананың Бас жоспарында қарастырылуы мүмкін емес", - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік мәліметінше, бүгінде екінші әуежайдың нақты орналасатын орны бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған.
"Астана қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу аясында тек ықтимал перспективалық бағыттар ғана қарастырылуда. "2035 жылға дейінгі Астана қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу" жобасы елордалық мәслихат депутаттарының мақұлдауынан кейін Қазақстан Республикасы үкіметінің келісуіне жолданатын болады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тек ресми және тексерілген ақпаратқа сүйенулерін сұраймыз. Нақты ақпарат алу үшін "Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы" ММ-не жүгінуге болады", - деп қосты әкімдік өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2385272-astanadagy-ekinshi-auezhai-qalanyng-qai-zherinde-salynbaq-akimshilik-malimdeme-zhasady/