"Үш облысқа ерекше назар аударылып отыр: ІІМ жанар-жағармайды елден заңсыз әкетуге байланысты бақылауды күшейтті (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
ІІМ жанар-жағармайды елден заңсыз әкету, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың жолын кесу бойынша жұмысты күшейтті, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ-нің ведомстволық сайтының мәліметінше, қазіргі таңда мемлекеттік шекарадағы 48 автокөлік өткізу пунктінде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істейді.
"Жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау фактілерін, оның ішінде жол талғамайтын көліктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын әрекеттерді анықтау және тоқтату бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Шекара маңында орналасқан Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше назар аударылып отыр. Бұл өңірлерде осындай құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ конструкциясы өзгертілген көлік құралдарын анықтау бойынша қосымша шаралар қолға алынған", - деп жазады медиапортал.
Сонымен қатар автокөліктерді заңсыз қайта жабдықтаумен айналысатын, қажетті тіркеу және рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мысалы, Қордай ауданының Қордай ауылында полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп, қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету станциясын тексерген.
Тексеру нәтижесінде алты нысан иесіне қатысты әкімшілік материалдар жинақталған.
"Тек соңғы бір айдың өзінде полиция қызметкерлері шамамен 12 тонна жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесті. Қайта жабдықталған жанармай бактары бар 54 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер министрлігі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды одан әрі жалғастырады. Оның ішінде мұнай өнімдері мен жанар-жағармайдың ел аумағынан заңсыз шығарылуына жол бермеу жұмыстары да бар. Бұл мәселе ішкі істер министрінің тұрақты бақылауында", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2386485-iim-ush-ongirdegi-shekarada-baqylau-kusheitilgenin-malimdedi-bul-nemen-bailanysty-video/