8,7 млн теңге: Қазақстанда ең жоғары жалақы сұрайтындар қай саланың мамандары
Жарияланған күні:
Читать на русском
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамыр айындағы бос жұмыс орындары мен түйіндемелер туралы деректерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша мамырда жұмыс берушілер Enbek.kz электрондық еңбек биржасына 86,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме орналастырған.
Салалық бөліністе кадрларға сұраныс ең алдымен білім беру саласында байқалған (14 мың бос жұмыс орны). Сондай-ақ өзге де қызмет түрлерін көрсету саласында (12,5 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету секторында (8,6 мың), құрылыста (8 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында (7,5 мың), өңдеу өнеркәсібінде (6,9 мың) жоғары сұраныс сақталып отыр.
"Өңірлік бөліністе ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласында (8,3 мың), Павлодар облысында (5,5 мың), Алматы қаласында (5,2 мың), Түркістан облысында (5,1 мың) және Атырау облысында (5 мың) жарияланған.
Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс берушілердің сұранысында орта біліктілік деңгейіндегі мамандар басым. Олар барлық бос жұмыс орынының шамамен 43 пайызын құрайды. Төмен біліктілікті талап ететін жұмыс орындарының үлесі – 31 пайыз, ал жоғары білікті мамандарға сұраныс 26 пайыз болды", - делінген хабарламада.
Еңбек нарығындағы ұсынысқа келсек, мамырда 91,6 мың түйіндеме орналастырылған. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі 35 жасқа дейінгі азаматтар, барлық түйіндеменің 41 пайызы соларға тиесілі. 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28 пайыз, 45-54 жас аралығындағылар – 20 пайыз, ал 55 жастан асқандар – 11 пайыз. Гендерлік құрам бойынша жұмыс іздеушілердің 52 пайызы әйелдер болса, 48 пайызы ер адамдар.
Біліктілік деңгейі тұрғысынан еңбек ұсынысының құрылымы жұмыс берушілер сұранысымен жалпы алғанда сәйкес келеді. Түйіндемелердің 40 пайызы орта білікті, 31 пайызы жоғары білікті мамандарға тиесілі болса, 29 пайызы төмен білікті жұмыс іздеушілер.
Мамырда ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс бастығының орынбасары (шамамен 1,45 млн теңге), ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі инженер (шамамен 1,23 млн теңге) және бас дәнекерлеуші (шамамен 1,24 млн теңге) бар.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткендер қатарында кеме капитаны лауазымына үміткерлер (шамамен 8,7 млн теңге), басшының орынбасары (шамамен 3,7 млн теңге) және ұшқыштар (шамамен 2,8 млн теңге) тіркелген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2386614-8-7-mln-tengge-qazaqstanda-eng-zhogary-zhalaqy-suraityndar-qai-salanyng-mamandary/