Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашты деген жігіт пен оның достары сотталып кетті
Жарияланған күні:
Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашты деген айып тағылған жігіт түрмеге жабылды. Оның жанындағы достарына да үкім кесілді. Олар үкіммен келіспей отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Былтыр қарашада болған бұл оқиғаға сот нүкте қойды. Кәмелетке толмаған қызды күштеп алып қашқан сыныптас 3 жігіт 3 жылға түрмеге жабылды. Десе де олардың төртіншісі әлі де іздестіріліп жатыр. Сотта бойжеткеннің жігітпен таныс болғаны, тіпті кездесуге шыққаны да айтылды. Алайда ол тұрмысқа шығуға келіспепті.
"Жәбірленуші көлікке өз еркімен отырған. Иә, рас. Абдухан сол күні Әуезханмен тек кездесуге шыққан. Яғни жігіт қыз ретінде кездесуге келіскен. Алып қашуға рұқсат бермеген", – деді судья Айнель Орақбаева
Алайда сотталушы тарап бұл үкіммен келіспейді. Кінәлі жігіттің анасы болған жайтқа сене алар емес. Ол "үйде жүрген келіннің неге бұлай кетіп қалғанын түсінбей қалдық" деп, аң-таң болып отыр.
"Менің үйіме түскен. Жүрген екеуі. Менің баламнан ақшасын алған. Бір емес, екі әпкесі алып кетуге барды. Неге кетпейді сол кезде? "Мен осы жерде қаламын" деп тұрып алды. Неге кеткенін де білмейміз?", – деді сотталушының анасы Зүлфия Елбаева.
Бүгінгі үкім тағы бір отбасының өмірін түбегейлі өзгертті. Себебі сотталғандардың бірі – үш баланың әкесі. Оның келіншегі де сот шешімен келіспей, мұны әділетсіз деп отыр. Енді олар аппеляциялық шағым түсіреміз деп бекініп отыр.
"Мен үш баламен не істеймін? Қайда барам? Әділдік талап етеміз. Біз тәтті шайына да бардық. Сол кезде де ойнап-күліп жүрген. Ешқандай да ол зорланған қыз емес", – деді сотталушының әйелі Динара Жантіллә.
Еске салсақ, былтыр 17 жастағы бойжеткен өзін әлдекімдердің күштеп Шымкенттен Сарыағашқа алып қашқанын хабарлаған. Ол күдікті жігіттің туыстары "өз еркіммен келдім" деп, қолхат жазуға мәжбүрледі деген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2392033-shymkentte-17-zhastagy-qyzdy-alyp-qashty-degen-zhigit-pen-onyng-dostary-sottalyp-ketti/