"Балаша қуандым": парапланмен ұшып, желіде жұлдыз болған 74 жастағы әжей алған әсерін бөлісті (видео)
Жарияланған күні:
Түркияға саяхаты кезінде бала күнгі арманын орындап, парапланмен ұшып, желі жұлдызына айналған 74 жастағы зейнеткер алған әсерін бөлісті, деп хабарлайды 24KZ телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Көкте құстай самғау 74 жастағы Рзакүл Иманғалиқызының бала күнгі арманы болған. Сол арманы Түркияға саяхаты кезінде орындалған.
Рзакүл әже парапланмен 2 мың метр биікке көтеріліп, зеңгір көкте Шәмшінің әнін әуелеткен.
Оның бұл видеосын әлеуметтік желіде жүз мыңдаған адам көріп, жылы лебізін қалдырған.
Осылайша, бір-ақ сәтте танымал болып шыға келген астаналық әжей жақында Анадолыдан елге оралған. Айтуынша, парапланмен көкке көтерілер алдында бойында қорқыныш болмаған, керісінше балаша қуанған.
"Мен ұшқанда балаша қуандым. Бала тәй-тәй басқанда қалай қуанады, солай қуандым. Ана жерге барғанда: "Мен қазір ұшқанда не істеймін деп ойладым, өлең айтуым керек дедім. Өйткені ішімдегі бір арманымды орындауым керек" деген қатты толқыныс болды. Басқа ештеңе болған жоқ. Сондай қатты қуандым", - деді Рзакүл Иманғалиқызы.
Анасының арманын орындауға қызы Гүлшат Өскенқызы көмектескен.
"Анамның арманын естіп, соған әркет жасадым. Анамды дайындадым. Ең бірінші – денсаулығы. Өйткені салмағы үлкен адамдарға ұшуға болмайды. Менің анам неше жылдан бері дәрумендер ішеді, ағзасын тазалап тұрады. Қан қысымы қалыпты", - деді ол.
Рзакүл әже – Ұлытаудың тумасы. Жеті жыл бұрын Астанаға көшіп келген. Бүгінде 8 баласының қызығын көріп, немере-шөбере сүйіп отыр. Зейнеткердің ендігі арманы – әнші Димаш Құдайбергенмен көздесіп, бірге ән шырқау.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2392399-balasha-quandym-paraplanmen-ushyp-zhelide-zhuldyz-bolgan-74-zhastagy-astanalyq-azhei-algan-aserin-bolisti-video/