Қазақстанда грантқа өтінім беру ережесі өзгерді: талапкерлер үшін маңызды ақпарат жарияланды
Жарияланған күні:
13 шілдеден бастап елімізде білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтінім қабылдау басталады. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы өкілдері құжаттарды қалай тапсыруға болатынын және биыл жүйеге қандай өзгерістер енгізілгенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ сайтының хабарлауынша, құжаттарды онлайн түрде 13 шілде сағат 09:00-ден 20 шілде сағат 18:00-ге дейін eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында тапсыруға болады.
"Биыл қызмет жаңартылды. Енді жүйе талапкерге мемлекеттік білім беру грантының конкурстан тыс тағайындалғанын автоматты түрде тексереді.
Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтері негізінде автоматты түрде жүргізіледі. Егер талапкерге мемлекеттік білім беру гранты конкурстан тыс тәртіппен бұрыннан тағайындалған болса, жүйе бұл туралы өтінім беру кезінде хабарлайды. Мұндай жағдайда eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қайта өтінім беру қажет болмайды", - делінген хабарламада.
Қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен береді. Егер талапкер жеңілдік санатына жатса, өтінім беру кезінде тиісті мәртебе көрсетіледі және автоматты түрде расталады.
Өтінімді онлайн беру үшін пайдаланушыға:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, "Азаматтарға" – "Білім" – "Жоғары білім" бөліміне кіру;
- "Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету" қызметін таңдау;
- "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басу;
- міндетті жолдарды толтырып, сұрау салуға қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қою;
- жеке кабинетте өтінімнің мәртебесін қадағалау. Өтінімнің өңделгені туралы хабарлама "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде көрсетіледі.
eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтінім беру тәртібі де осыған ұқсас.
"Өтінім қабылдау кезеңінде жүктеме жоғары болған жағдайда eGov.kz порталы пайдаланушылар ағынын электрондық кезек арқылы реттейді. Электрондық кезекке қосылғаннан кейін пайдаланушының кезегі келгенде жүйе қызметке автоматты түрде қолжетімділік береді. Кезекті қолмен бақыламау үшін "Кезектің жақындағаны туралы SMS арқылы хабарлау" чекбоксын белгілеуге болады. Хабарлама мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне 1414 нөмірінен жіберіледі. Егер телефон нөмірі базада тіркелмеген болса, оны қолмен енгізуге болады. Күту барысында браузер қойындысын жабуға немесе жаңартуға болмайды, әйтпесе пайдаланушы кезектегі орнынан айырылады", - деп ескертті қазақстандықтарды АҚ өкілдері.
Өтінім бергеннен кейін талапкер eGov.kz порталындағы жеке кабинетінде білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысқаны туралы электрондық анықтама алады.
Конкурс қорытындысы бойынша талапкерге білім беру грантының тағайындалғаны туралы электрондық сертификат беріледі. Ол 10 тамыздан кешіктірілмей eGov.kz порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болады. Егер конкурс нәтижесі бойынша білім беру гранты тағайындалмаса, жеке кабинетке бас тарту туралы ақпарат қамтылған хабарлама жіберіледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2398151-qazaqstanda-grantqa-otinim-beru-erezhesi-ozgerdi-talapkerler-ushin-mangyzdy-aqparat-zhariialandy/