60 градустан жоғары: Шымкентте термометрлер қатты ыстыққа шыдамай істен шыққан
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шымкентте көшедегі термометрлер тікелей күн сәулесі түскен жерде 60 градустан жоғары температураны тіркеді. Синоптиктер елдің оңтүстігінде аптап ыстықтың әлі жалғасатынын болжауда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar-ға сілтеме жасап.
Еліміздің оңтүстігінде қалыптан тыс аптап тұрғындардың мазасын қашырды: көшеде көлеңке іздеп жүргендер көп. Дәрігерлер мен синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақыруда.
Желіде ғимараттың сыртына орнатылған термометрдің шамамен 66 градусты көрсетіп тұрғаны түсірілген кадрлар кеңінен тарады. Басылым мәліметінше, кейбір термометрлер ыстыққа төтеп бере алмай, 15 минуттан кейін істен шыққан – олар бастапқыда 49 градусты көрсеткен.
Жедел медициналық жәрдем қызметі қоңыраулар санының өспегенін, күніне орта есеппен 2300-ге жуық шақыру түсетінін атап өтті. Дегенмен дәрігерлер созылмалы ауруы, қан қысымы жоғары, жүрек-қан тамырлары және өкпе ауруы бар адамдардың көмекке жүгінуге бейім екенін айтады.
Дәрігерлер ыстық ауа райына байланысты тұрғындарға кеңес берді.
"Үйден тыс барлық маңызды істерді сағат 11-ге дейін жоспарлаған дұрыс, ал сағат 11-ден 17-ге дейін үйде немесе көлеңкеде болған жөн, бас киім киген абзал, ең бастысы, сұйықтық көп ішу керек. Жайсыздық сезінген адам көрсеңіз, үйге алып кіріп, сұйықтық беріп, салқын компресс жасау қажет, бірақ кондиционердің астында жатуға болмайды. Салқындату процесі біртіндеп жүргізілуі керек", - деді Жедел жәрдем қызметінің №4 қосалқы станциясының басшысы Жанат Әбілдаева.
Синоптиктер ауа райының қолайсыздығы туралы, алдағы күндері жауын-шашын болмайтынын, температураның жоғарылайтынын ескертті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2399728-60-gradustan-zhogary-shymkentte-termometrler-qatty-ystyqqa-shydamai-isten-shyqqan/