jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Ақтауда бір айдан бері автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс туындап отыр

Кептеліс
Кептеліс. Кадр: "КТК" арнасы

Ақтауда көлік жүргізушілері сұйытылған газ тапшылығына қатысты шағымын жеткізді. Олардың айтуынша, соңғы бір айдан бері автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс туындап отыр. Тіпті жүргізушілер өз кезегін екі-үш сағаттап күтетінін айтады. Әкімдік бұл жағдайға қатысты өз жауабын берді, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Соңғы күндері қаздай тізілген көлік тізбегі шаһар маңын басып қалатын болған. Бұған себеп — сұйытылған газ тапшылығы. Газ құю бекеттерінің бірінде сұйытылған газ таусылып қалса, екіншісінде газ жеткізіліп үлгермей жатыр. Көлігін толтырып алуға үлгергісі келген жүргізушілер газ құю бекеттерінің арасында әрі-бері сенделіп жүр. Кезегін күте-күте сарылған жүргізушілер бұл түйіткілдің түйіні бірнеше аптадан бері тарқамай жатқанын айтады.

Кейбір автогаз құю бекеті жабық болса, газ бар бекеттерде бірнеше сағат күтуге тура келеді екен. Тіпті газ сатылып жатқан бекетті іздеудің өзі кейде бірнеше сағатқа созылады, дейді олар.

"Кем дегенде кезекте 20 машина тұрады. Мен жап-жаңа бір газға барып, кезекте жарты сағаттай тұрдым. Маған жете ме деп сұрайын дегем, газ құятын адам жоқ екен. Менің алдымдағы 10-20 машина босқа тұр екен. Ешкім білмейді", - дейді Дамир Жұмахан.

"Бір жарым сағат тұрасың. Жоқ дегенде 10-15 машина болса, екі сағат жоғалтасың. Бір күнге жетеді, екі күнге жетпейді, сонымен азғантай қалып, далада қаламыз ба деп тұрамыз ғой, басқа амал жоқ", - дейді Қанатов Дүйсенбай.

Өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, қазір аймақта 185 мыңға жуық көлік бар. Оның 104 мыңға жуығы автогаз орнатыпты. Ал олар ай сайын орта есеппен 18 мың тонна сұйытылған газ жағады.

Жаз айларында демалыс науқанының басталуына байланысты Маңғыстауға көршілес облыстардан ағылып жатқан туристер көп. Сол себепті көлік қозғалысы 15-20 пайызға артып, тұтыну көлемі де 2-3 мың тоннаға ұлғайып отыр.

Шенеуніктер кейінгі уақытта өңірде шетелден әкелінген көлік саны да артқанын айтады. Мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы да осы кезектің пайда болуына тағы бір себеп.

"Қазір көлік кезектерінің басты себептері – Атырау мұнай-өңдеу зауытының маусым айының соңында жоспарлы жөндеу жұмысы. Жоспарлы жөндеу қосымша 1-2 күнге созылып кетті. 20 шілдеден бастап өзінің толық өндіріс көлемінен шықты. Енді осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөлінетін көлем 18-інен бастап келіп жатыр. Жалпы көлік кезегі келесі айдың аяғына қарай тұрақталады", - дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбай.

Жауапты мамандар бұл мәселе келер айдың ортасына қарай толық реттелетінін айтты. Ал жарты күні кезек күтумен өтетін көлік жүргізушілері бұл жағдай жыл сайын қайталанбай, тез шешімін тапса екен дейді.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Ақтауда бір айдан бері автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс туындап отыр

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.