jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

"Сегіз жылға көлік басқару құқығынан айырылады": ІІМ заңдағы маңызды өзгерістерді түсіндірді

Көлік жүргізушісі
Көлік жүргізушісі. Көрнекі фото: pixabay.com

Ішкі істер министрлігі 25 тамыздан бастап күшіне енетін "Жол жүрісі туралы" заңдағы маңызды өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының "Жол жүрісі туралы" заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

"Ең алдымен, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өту қажеттігін екенін еске саламыз.

Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.

Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтеміз", - делінген хабарламада.

ІІМ өкілінің хабарлауынша, келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты.

"Заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін.

Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар.

Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады", - делінген хабарламада.

Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.

Сонымен қатар алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді.

"Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.

Бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған", - делінген хабарламада.

ІІМ қазақстандықтарды жолда жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, ал бұл талап қатысты жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуге шақырды.

"Сегіз жылға көлік басқару құқығынан айырылады": ІІМ заңдағы маңызды өзгерістерді түсіндірді

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.