jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"Нашақорлар мекені": қарағандылықтар қаңыраған қауіпті ғимаратты қоршауды сұрап отыр

Қаңыраған ғимарат
Қаңыраған ғимарат. Кадр: "Астана" арнасы

Қарағандылықтар Майқұдықтағы қаңыраған нысанды тез арада қоршауды немесе іске жаратуды сұрап отыр. Бұрынғы мектеп ғимараты бүгінде қаңғыбастар мен нашақорлардың мекеніне айналған. Ең қорқыныштысы ашық алаңға балалар еш кедергісіз кіре алады, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Қарағандыдағы "ең қорқынышты қараусыз ғимарат" деп аталып кеткен нысан — Майқұдықта, 11 А шағын ауданында орналасқан бұрынғы мектеп.

Нысан 90 жылдардан кейін қаңырап қалған. Есік-терезесі қирап, тоналғаны көрініп тұр. Оның тұрғын үйлердің ортасында орналасқанын ескерсек үлкен үрей туғызады. Тұрғындардың айтуынша, нысан қаңғыбастар мен нашақорлар мекеніне айналған.

"Алқаштар жиналады, арақ ішеді. Балалар жиналады. Іші түгел өсіп кеткен. Іші быт-шыт болып жатыр. Бірдеңе істеу керек", - дейді тұрғын Жанат Дүйсембеков.

Ең қорқыныштысы бұл аумаққа балалар емін-еркін кіре алады. Ғимарат қоршалмаған. Телеарна мәліметінше, бірнеше жыл бұрын жасөспірімдер биікке шығамыз деп 13 жастағы қыз құлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Тұрғындар оны қоршауды сұрап жергілікті әкімдікке, полицияға талай арызданды. Алайда 25 жылдан бері еш өзгеріс жоқ.

"Нашақорлар кешке жиналып, айқайлайды. Төбелеседі. Неше түрлі оқиғалар болды. Балалар кіріп, омыртқаларын сындырып, жазым болған кездері де болды. Қаншама рет әкімдікке жаздық. Спорт алаңы ма, аллея ма, бірдеңе салынады деген, әлі сол қалпы тұр. Тіпті қоршап та бермеді. Бала түгілі, біз, ересектер жұмысқа баруға қорқамыз. Учаскелік инспекторларды да шақырамыз. Меніңше ана жерге баруға полицейлердің өздері қорқатын сияқты", - дейді тұрғын Людмила Дульцева.

Жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, апатты ғимараттың қожайыны жоқ. Оны коммуналдық меншікке алу заңмен жүзеге асады. Қазір сот процесстері жүріп жатыр екен. Айтуынша, ауданда ондай нысандар көп.

"Аудандық прокуратура бұл ғимараттардың жеке меншікке қалай өтіп кеткенін, қаншалықты заңды екенін тексеріп жатыр. Олар — білім, мәдениет, спорт нысандары. Сату, сатып алу келісімшарттары мен жекешелендіру құжаттарын бірлесіп тексереміз", - дейді Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық әкімдігінің бас инспекторы Азат Мухамеджанов.

Жергілікті полиция да бұл ғимараттың қауіпті екенін ескертеді. Түрлі рейд өткізгендерін, оқиға орнына талай барғандарын айтты. Ата-аналарға балалармен жеке бас қауіпсіздігі жайында үнемі әңгімелесуге кеңес берді.

"Біздің қызмет ету аумағымызда, 11А ықшам ауданында өте қауіпті ғимарат орналасқан. Ол жерде кәмелетке толмаған балалар ойын ойнап, өз өміріне, денсаулығына қауіп тудырады. Сол себепті біз түрлі жұмыстар атқарамыз, профилактикалық салада және де рейдтік жұмыстар жүргіземіз", - дейді Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Данияр Бекешов.

Тұрғындардың талабы қарапайым. Егер ғимарат әзір іске жаратылмайтын болса, оған адамдардың кіруіне тосқауыл қойылуға тиіс. Ең бастысы — балалардың қауіпсіздігі.

"Нашақорлар мекені": қарағандылықтар қаңыраған қауіпті ғимаратты қоршауды сұрап отыр

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.