Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара мойындады: ІІМ маңызды мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
ІІМ бүгін, 25 шілдеде Қазақстан мен БАӘ арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара мойындау және айырбастау туралы келісім күшіне енетінін еске салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ-нің ведомстволық Telegram-арнасы Polisia.kz хабарлағандай, 2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара мойындау және айырбастау туралы келісім күшіне енеді.
Құжатқа Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында қол қойылды.
Жаңа келісім екі ел азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер ашып, ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану және айырбастау рәсімін едәуір жеңілдетеді.
Енді Біріккен Араб Әмірліктерінде уақытша болатын Қазақстан азаматтары Әмірліктердің заңнамасына сәйкес қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады. Ал тұрақты тұруға көшкен жағдайда "B" санаты (жеңіл автомобильдер) және "B1" кіші санаты (үш дөңгелекті көлік құралдары мен квадроциклдер) бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін айырбастай алады.
Дәл осындай тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға көшкен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарына да қолданылады.
Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі, қолданыстағы тұруға ықтиярхат, құжаттың ресми аудармасы (БАӘ-де – араб тіліне, Қазақстанда – қазақ немесе орыс тіліне), сондай-ақ міндетті медициналық тексеруден өткені туралы құжат қажет.
Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Айырбастау рәсімі аяқталғаннан кейін екі мемлекеттің құзыретті органдары бір-бірін жүргізілген рәсім туралы ғана хабардар етеді.
Жеңілдетілген тәртіп тек "B" санаты мен "B1" кіші санатына ғана қолданылады. Өзге санаттар бойынша жүргізуші куәліктерін айырбастау қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2404031-qazaqstan-men-baa-zhurgizushi-kualikterin-ozara-moiyndady-iim-mangyzdy-malimdeme-zhasady/
